Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерге қосылған құн салығы бойынша декларацияны (300.00 СЕН) алдын ала толтыру сервисі жұмысының ерекшеліктері туралы еске салады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қызмет электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесін, салық төлеушілердің жеке шоттарын және тауарларға арналған декларацияларды қоса алғанда, мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінде қамтылған мәліметтер негізінде Декларацияның жобасын қалыптастырады.
Қызмет Т-1 принципі бойынша жұмыс істейді, яғни ақпарат бір күндік кідіріспен жаңартылады. Бұл дегеніміз, бүгін жазылған электрондық шот-фактуралар, сондай-ақ ҚҚС-ты есепке жатқызу туралы жіберілген хабарламалар алдын ала толтырылған декларацияда келесі күні ғана көрсетіледі.
ҚҚС есепке жатқызу туралы хабарламаларды толтыруға ерекше назар аудару қажет. Алдын ала толтырылған декларацияны қалыптастыру кезінде тек "расталған" мәртебесі бар хабарламалар ғана ескеріледі, сондықтан енгізілген мәліметтердің дұрыстығы мен толықтығы автоматты түрде қалыптастырылған деректердің сапасына тікелей әсер етеді.
Сервисті пайдалану салық төлеушілерге салық есептілігін ұсынар алдында мәліметтерді тексеруге, 300.00 СЕН толтыру кезінде қателер ықтималдығын азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Астана қаласы бойынша МКД сервистің салық төлеушілердің өздері ұсынған ақпаратты пайдаланатынына назар аударады. Егер декларация қалыптастырылғаннан кейін мәліметтер өзгертілсе немесе нақтыланса, бұл камералдық бақылау нәтижелеріне әсер етуі және кейіннен хабарламалар алуға әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты салық төлеушілерге ұсынылатын деректердің дұрыстығын уақтылы тексеру және алдын ала толтыру сервисін дұрыс салық есептілігін дайындаудың қосымша құралы ретінде пайдалану ұсынылады.