2026 жылғы 26 тамыздағы жағдай бойынша, есепті апта ішінде Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары бойынша бағалардың төмендегені байқалды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Апта ішінде пияздың бағасы 4,8%, ақ қауданды қырыққабаттың бағасы 4,6%, картоп 2,9%, сәбіз 2,4%, алманың бағасы 1,1%-ға төмендеді.
Өңірлер бөлінісінде еліміздің бірқатар қаласында дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі бір апта ішінде Қонаев қаласында 0,4%-ға, Атырау, Жезқазған және Көкшетау қалаларында 0,2%-ға, Алматы, Қызылорда, Орал және Өскемен қалаларында 0,1%-ға төмендеді. Қостанай, Ақтөбе, Петропавл, Тараз, Талдықорған және Түркістан қалаларында бағалар өткен апта деңгейінде сақталды.
Республика бойынша пияздың орташа бағасы 1 килограмына 179 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістан қаласында – 1 килограмына 135 теңге деңгейінде тіркелді.
Ақ қауданды қырыққабаттың республика бойынша орташа бағасы 1 килограмына 176 теңгені құрады. Ең төмен баға Тараз қаласында – 132 теңге.
Республика бойынша картоптың орташа бағасы килограмына 241 теңгені құрады. Ең қолжетімді бағалар Павлодар қаласында – 177 теңге, Қостанай қаласында – 194 теңге деңгейінде тіркелді.
Қызанақтың орташа республикалық бағасы 1 килограмына 546 теңгені құрады. Ең қолжетімді баға Тараз қаласында – 315 теңге деңгейінде қалыптасты.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының динамикадағы өзгерістерін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының сайтынан және «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінен көруге болады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы №362-НҚ бұйрығымен бекітілген және 31 атаудағы азық-түлік өнімдерін қамтиды.