«Қарты бар елдің қазынасы бар»

«Қарты бар елдің қазынасы бар»

Кеше Халықаралық қарттар күні және мұғалімдер күніне орай Астана қаласы әкімдігінің Есіл аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен Е.Серкебаев атындағы №3 музыка мектебі бірлесіп, «Қарты бар елдің қазынасы бар» атты мерекелік концерт қойды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Шара барысында «Қазына» салт-дәстүрлерді дәріптеу ұжымы «Ерке бала» көрінісін сахналады. Сондай-ақ, қариялардың жастық шағына арналған «Алматы түні» әні мен «Бәйтерек» ансамблінің өнері көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Концертте әсем әндер шырқалып, ұлттық күйлер орындалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар қариялардың мерейін көтеріп қана қоймай, жастарды ата-ананы сыйлауға, үлкенді құрметтеуге үндейді.

– Қазақ халқы «Төрінен қарт кетпесін» деп тілеген. Қарттарға құрмет көрсету – елдің рухани байлығының айғағы. Дегенмен, қарттарды қадірлеу тек бір күндік мереке емес, бұл – өмірлік парыз. Қарттар күні бізге тек мерекелік концертпен шектеліп қалмай, күнделікті тұрмыста үлкендерге қамқор болуымызды еске салады, – дейді зейнеткер Құралай Жапарқұлова.