Астана қаласының Алматы ауданы прокуратурасы «Invest Caravan» акциясы аясында телекоммуникациялық жабдықтарды әзірлеу және өндірумен айналысатын «Digital System Servis» ЖШС-нің, сондай-ақ кешенді трансформаторлық қосалқы станциялар мен электр техникалық өнімдер шығаратын «Спецэлектра» ЖШС-нің өкілдерімен көшпелі кездесулер өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кәсіпорындарды аралау барысында қатысушыларға инвесторлардың құқықтарын прокурорлық қорғау тетіктері түсіндіріліп, инвестициялық жобаларды іске асырудың өзекті мәселелері талқыланды.
Айта кету керек, бұған дейін прокурорлық қадағалау актісі негізінде «Спецэлектра» ЖШС-нің құқықтары қорғалған болатын. Прокуратура жер учаскесін жалға алу шартын негізсіз бұзудың алдын алып, оның мерзімін одан әрі ұзартуды қамтамасыз етті.
Қазіргі уақытта «Digital System Servis» ЖШС-нің техникалық шарттарды алу мәселесі бақылауда тұр. Осы бағытта туындаған қиындықтарды жедел шешу үшін қажетті шаралар қабылдануда.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және әкімшілік кедергілерді жою жөніндегі жұмыстар елорда прокуратурасы органдарының тұрақты бақылауында.
Астана қаласының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге немесе құқықтарының бұзылуына тап болған инвесторларды +7 (747) 216-15-58 телефоны арқылы немесе 115 Call-орталығына хабарласуға шақырады.