Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды су айдындарында демалу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Суға түсу тек арнайы жабдықталған және осы мақсатқа арналған орындарда ғана рұқсат етіледі. Субұрқақтарда,су арналарында, сондай-ақ тыйым салу белгілері орнатылған жерлерде шомылуға қатаң тыйым салынады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қаладағы субұрқақтар ерекше қауіп төндіреді. Олар суға түсуге және демалуға арналмаған. Олардың ішінде шомылу жарақат алуға, электр тогының соғуына және басқа да жазатайым оқиғаларға әкелуі мүмкін. Балалардың қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударылады. Ата-аналар мен балалардың заңды өкілдеріне кәмелетке толмағандарды қараусыз қалдырмау, олардың субұрқақтарда және суға түсуге арналмаған өзге де орындарда болуына жол бермеу ұсынылады. Балалардың қауіпсіздігі ересектердің мұқияттылығы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін ата-аналар мен балалардың заңды өкілдері заңда белгіленген жауаптылыққа тартылады.
Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға және өз өмірі мен денсаулығына ұқыпты қарауға шақырады.