Астана қаласы Полиция департаменті Алматы ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері жоғалып кеткен 6 жасар баланы жедел іздестіріп, аман-есен ата-анасына қайтарды., деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іздестіру ісіне Алматы ауданы Полиция басқармасының анықтау бөлімінің аға анықтаушысы полиция майоры Сержан Бөлегенов, және криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі полиция аға лейтенанты Самғат Абжанбай ат салысты.
Оқиға таңертең ерте болған. Ата-анасы жұмысқа дайындалып жатқан сәтте бала ешкімге айтпай үйден шығып кетіп, жол бойымен туысының үйіне қарай бет алған.Біраз уақыттан кейін баланың үйде жоқ екенін байқаған ата-анасы бірден «102» арнасына хабарласып, оның жоғалғаны туралы мәлімдеген. Үйлесімді және кәсіби әрекеттердің нәтижесінде бейнебақылау камераларының көмегімен баланың жүрген бағыты анықталып, аз уақыт ішінде бүлдіршінді аман-есен тауып, ата-анасына табыстады.
Ата-аналары полицейлерге шынайы ризашылықтарын білдіріп, қиын сәтте нағыз адамгершілік пен жауапкершілік танытқан полиция қызметкерлеріне алғыстары шексіз, баласының дін аман табылғанына қуанышты екендіктерін атап айтты. Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды жақындарына қамқор болуға, әсіресе кішкентай балалардың қауіпсіздігіне назар аударуға шақырады.