Елордадағы №21 мектепте полиция қызметкерлері Астана қаласы полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерімен бірлесіп, оқушыларға профилактикалық кездесу өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында мектеп оқушыларына есірткінің заңсыз айналымына тартылудың қауіп-қатері мен салдары түсіндіріліп, жастарды құқыққа қайшы әрекеттерге тартудың кең таралған тәсілдері туралы ескертілді. Іс-шарада жасөспірімдердің психологиялық тұрақтылығына ерекше назар аударылды. Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшесі, коуч әрі психолог Мирзада Сейтқали жасөспірімдердің өз бетінше шешім қабылдау, қысымға және теріс ықпалға қарсы тұру дағдыларын дамытуға бағытталған тренинг өткізді.
– Жасөспірімдерге қауіп туралы ескертіп қана қоймай, олардың ішкі тұрақтылығын қалыптастыру маңызды. Бұл қиын жағдайда өз ұстанымын сақтап, “жоқ” деп айта білуге, сыртқы қысымға берілмеуге және манипуляцияның құрбаны болмауға көмектеседі, – деді спикер.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, түрлі өмірлік жағдайларды талқылап, практикалық кеңес алды. Полиция білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырады.