«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Астана қаласының Нұра ауданы прокуратурасы велосипед ұрлығының алдын алуға және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған әлеуметтік бейнеролик дайындады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жаз мезгілінің басталуымен дәстүрлі түрде велосипед ұрлығы фактілерінің саны артады. Көп жағдайда мұндай құқық бұзушылықтардың орын алуына дүкендердің, сауда ойын-сауық орталықтарының, тұрғын үйлердің кіреберістерінің және өзге де қоғамдық орындардың маңында мүлкін қараусыз қалдыратын иелерінің салғырттығы себеп болады.
Бейнероликте мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған негізгі сақтық шаралары, сондай-ақ ұрлық жасаудың құқықтық салдарлары түсіндірілген.
Прокуратура бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатынын және бас бостандығынан айыруға дейінгі жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады.
Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды өз мүлкінің сақталуына жауапкершілікпен қарауға, велосипедтерді қараусыз қалдырмауға және сенімді қорғаныс құралдарын пайдалануға шақырады.