Бүгінгі таңда Қазақстанда балалары бар отбасыларды кешенді қолдау моделі қалыптасқан. Ол мемлекеттік жәрдемақылар жүйесін, әлеуметтік төлемдерді, азаматтардың өмірлік барлық кезеңдерінде жәрдемдесу шараларын, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмекті қамтиды. Отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі әртүрлі өмірлік жағдайларды қамтиды.
Бала туған кезде және күтімі үшін төлемдер
Бала туған кезде отбасының табысына қарамастан, баланың тууына байланысты біржолғы жәрдемақы тағайындалады. Сонымен, отбасында бірінші, екінші және үшінші бала туылған жағдайда 38 АЕК немесе 164 350 теңге мөлшерінде жәрдемақы тағайындалады.
Отбасында төртінші немесе одан кейінгі бала туылған кезде біржолғы жәрдемақы 272 475 теңге (63 АЕК) мөлшерінде төленеді.
2026 жылдың қаңтарынан бастап баласы 1,5 жасқа толғанға дейін күтімі бойынша жәрдемақының мөлшері:
- отбасындағы 1-ші балаға – 24 912 теңге (5,76 АЕК);
- отбасындағы 2-ші балаға – 29 454 теңге (6,81 АЕК);
- отбасындағы 3-ші балаға – 33 952 теңге (7,85 АЕК);
- отбасындағы 4-ші және одан көп балаға – 38 493 теңге (8,9 АЕК).
2026 жылдың 1 тамызына Астана қаласында баланың 1,5 жасқа дейін күтімі бойынша жәрдемақы 7821 отбасына төленіп отыр.
Жұмыс істейтін ата-аналарға баласы бір жарым жасқа толғанға дейін күтімі бойынша әлеуметтік төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалады. Оның мөлшері соңғы 2 жылда әлеуметтік аударымдар жасалған орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды.
2026 жылдың 1 тамызына Астана қаласында баласы 1,5 жасқа дейінгі күтімі бойынша әлеуметтік төлем 28716 отбасына төленіп отыр.
Қандай отбасылар көпбалалы отбасыларға жатады?
Өздеріңіз білетіндей, көпбалалы отбасыларға бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы бар немесе күндізгі оқу нысанындағы 23 жасқа дейінгі студенттері бар отбасылар жатады.
Жәрдемақы отбасының табысына қарамастан тағайындалады.
Жәрдемақы мөлшері айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) еселі түрде белгіленеді. Ағымдағы жылы АЕК 4 325 теңгені құрайды, сондай-ақ отбасындағы бала санына байланысты.
Төрт баланы тәрбиелеп отырған отбасы ай сайын 69 330 теңге алады. Төлем өтініш берген күнінен бастап тағайындалады, сондықтан ата-аналарға осы жәрдемақыға өтініш беруді кешіктірмеу керек.
Бес баласы бар отбасыға жәрдемақы мөлшері 86 673 теңгені құрайды.
Алты баласы бар отбасыға ай сайын 104 017 теңге төленеді.
Жәрдемақы отбасы құрамында қажетті мөлшерде кәмелетке толмаған балалар немесе күндізгі оқу бөлімінің студенттері есепте тұрғанға дейін сақталады.
Жеті баласы бар отбасы үшін төлем 121 360 теңгені құрайды. Егер кәмелетке толған бала күндізгі оқуды жалғастырса, оқу орнынан анықтаманы жыл сайын растау қажет.
Сегіз және одан да көп баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға әр балаға 17 300 теңгеден есептеледі. Отбасы құрамы өзгерген кезде төлем мөлшері де өзгереді.
2026 жылдың 1 тамызына Астана қаласында көп балалы отбасы бойынша төлем 38 мың отбасына төленіп отыр.
Марапатталған аналарға арналған жәрдемақылар
Алты баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, «Күміс алқа» алқасымен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын 27680 теңге төленеді.
«Алтын алқа» алқасымен марапатталған аналар, сондай-ақ «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденінің I және II дәрежесімен марапатталғандар 32 005 теңге алады. Бұл санатқа жеті және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген аналар жатады.
Астана қаласында марапатталған 8526 аналарға төленіп отыр.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қорғаншыларға жәрдемақы ең төмен күнкөріс деңгейінің 1,61 еселенген мөлшерінде төленеді. Ағымдағы жылы бұл жәрдемақының мөлшері 81871 теңгені құрайды.
Астанада бұл жәрдемақы 12786 ата-анаға төленіп отыр.
Көпбалалы отбасы атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) қандай жағдайда ала алады?
Балалары бар, жан басына бөлгенде орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасылар атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы.
АӘК көлемі жан басына бөлгенде табыс пен нақты өңірде белгіленген кедейлік шегінің арасындағы айырма ретінде есептеледі (мысалыға: Астана қаласында үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанға кедейлік шегі – 48 942 теңге).
Айта кету керек, әр отбасы үшін АӘК мөлшері әртүрлі болады. Есептеу кезінде жалақы, әлеуметтік төлемдер, кәсіпкерліктен түскен табыс және қағидалармен көзделген басқа да табыстар ескеріледі (Есептеу формуласы: АӘК = кедейлік шегі – отбасының жан басына бөлгенде табысы).
Бізге белгілі болғандай, Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпараттық жүйелерді жетілдіруді және оларды мемлекеттік деректер базаларымен интеграциялауды кеңейтуді жалғастыруда.
Цифрландырудың басты мақсаты – мемлекеттік қызметтерді азаматтар үшін барынша қолжетімді, ыңғайлы және жылдам ету. Ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқасында қажетті мәліметтер енді қосымша құжаттарды ұсынбай-ақ автоматты түрде сұратылады.
Азаматтардың ыңғайлылығы үшін мемлекеттік қызметтерді көрсетудің проактивті форматы енгізілді, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы өтініш беру мүмкіндігі іске асырылды. Бұл ХҚКО-ға және мемлекеттік органдарға бармай-ақ мемлекеттік қызметтерді қашықтан алуға мүмкіндік береді.
Бұл қызмет көрсету мерзімін жеті жұмыс күнінен төрт жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
«Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға жәрдемақыларды тағайындауды автоматтандыруға ерекше тоқталғым келеді. «Мемлекеттік наградалар» ақпараттық жүйесімен интеграцияның арқасында марапаттау туралы мәліметтер келіп түскеннен кейін жүйе қызмет алушыға жәрдемақы алу құқығы туралы SMS-хабарламаны автоматты түрде жібереді. Қызмет алушының келісімі алынғаннан кейін ақпараттық жүйе қажетті мәліметтерді өздігінен тексеріп, адам факторынсыз жәрдемақы тағайындау туралы шешім қабылдайды.
Жыл басынан бері Астана қаласы бойынша:
– бала тууына және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақы – 15 648 адамға тағайындалды;
– төрт және одан да көп баласы бар көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 1 930 адамға белгіленді;
– 324 көпбалалы аналарға жәрдемақы берілген;
– 1 073 мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдарға жәрдемақы берілді.
Цифрландырудың тағы бір маңызды кезеңі жуырда ғана іске асырылды. Ағымдағы жылдың 23 шілдесінен бастап бала тууына байланысты жәрдемақыны, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақыны және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны тағайындау толықтай автоматтандырылды. Енді мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қажетті мәліметтер болған және қызмет алушының келісімі алынған жағдайда жәрдемақы тағайындау туралы шешім автоматты түрде қабылданады.
Бұл мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін төрт жұмыс күнінен бір жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік беріп отыр.
Жаңа сервис іске қосылған сәттен бастап толық автоматтандырылған форматта 981 жәрдемақы тағайындалды.
Цифрлық шешімдерді енгізудің тағы бір маңызды нәтижесі – Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграцияның жүзеге асырылуы болды. Енді көпбалалы отбасылардың балаларының оқуы туралы мәліметтер автоматты түрде келіп түседі.
Егер бұрын жәрдемақы төлеу мерзімін ұзарту үшін жыл сайын оқу орнынан берілген қағаз анықтаманы ұсыну қажет болса, бүгінде SMS-хабарлама арқылы келісімін растау жеткілікті.
Осылайша, цифрландыру мемлекеттік қызметтердің сапасын едәуір арттыруға, оларды көрсету мерзімін қысқартуға және азаматтардың әлеуметтік қолдау шараларын алуын барынша ыңғайлы етуге мүмкіндік беріп отыр.
Біздің басты міндетіміз – мемлекеттік қолдау алуға құқығы бар әрбір отбасының оны жедел, ашық әрі артық әкімшілік рәсімдерсіз алуын қамтамасыз ету.