Мексикадан Астанаға саяхаттап келген 60 жастағы турист елорданың көрікті жерлерін аралап, қазақ халқының қонақжайлығы мен жылы ықыласына тәнті болды, - деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Шетелдік қонаққа Астана қаласының туристік полиция қызметкері жол сілтеп, елорданың басты туристік нысандары туралы ақпарат берді. Сонымен қатар туристің қала бойынша қауіпсіз әрі жайлы саяхаттауына қажетті көмек көрсетіліп, көрікті орындарға барудың тиімді бағыттары түсіндірілді. Туристік полиция қызметкерінің кәсіби көмегі мен ілтипатына риза болған мексикалық қонақ алғысын білдіріп, Қазақстан мен елордаға деген жылы лебізін жеткізді.
– Астанаға алғаш рет келіп отырмын. Қаланың сәулеті, тазалығы және тұрғындарының қонақжайлығы ерекше әсер қалдырды. Көрсеткен көмектеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Қазақстаннан жақсы әсер алып, жағымды естелікпен қайтамын, – деді шетелдік турист.
Туристік полиция қызметінің басты міндеттерінің бірі – шетелдік және отандық қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, оларға қажетті ақпараттық және практикалық көмек көрсету. Мұндай кездесулер полицияның халықпен, оның ішінде шетелдік туристермен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатуына ықпал етеді. Мексикалық туристің елордадан алған әсері – туристік полиция қызметінің қоғамдық қауіпсіздікпен қатар, Қазақстанның туристік әлеуетін танытуға және еліміздің оң имиджін қалыптастыруға да үлес қосатынының жарқын мысалы. Астанаға келген әрбір қонақ елордадан көрген көрікті орындарымен бірге халықтың қонақжайлығы мен көрсетілген ықыласты да жүрегінде сақтап қайтады.