Лифт есігін сындырған ер адам қамауға алынды

Лифт есігін сындырған ер адам қамауға алынды
фото: видеоскрин

Елорда полициясы қоғамдық мүлікті бүлдіргендерді анықтап, жолын кесуге ерекше көңіл бөліп келеді. Осы арқылы қала инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен қоғамдық кеңістіктің сақталуын қамтамасыз етуге күш салады. Кезекті құқық бұзушы анықталып, жауапқа тартылды,  деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Полиция қызметкерлері Бауыржан Момышұлы даңғылындағы тұрғын үйлердің бірінде лифтінің бүлінгенін анықтады. Түнгі уақытта мас күйде болған ер адам лифт есігін аяғымен теуіп, бүлдіріп кеткен.

Оған қоғамдық орында мас күйде жүру, тыныштықты бұзу және ұсақ бұзақылық бойынша заңда көзделген шаралар қабылданды. Сот шешімімен ер адам 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар ол келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттеледі.

Полиция лифт, кіреберіс, балалар алаңы және тұрғын үй инфрақұрылымының өзге де нысандары ортақ мүлік екенін еске салады. Олардың сақталуы әр адамның жауапкершілігіне байланысты. Өзгенің мүлкін қасақана бүлдіру заң аясында бағаланып, мұндай әрекет үшін тиісті жауапкершілік қарастырылған.

Қоғамдық кеңістікке ұқыпты қарау – жай ғана тәртіп сақтау емес, мәдениеттілік пен өзге адамдарға деген құрметтің белгісі.

#законипорядок #заңментәртіп