Көлік полицейлері қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен заңсыз айналымнан 160 келіден астам түрлі есірткі заттарын тәркіледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Көліктегі полиция департаментінің кинолог-мамандары қызметтік иттермен бірге күн сайын еліміздің теміржол және әуе көлігі объектілерінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Бүгінгі күні көліктегі ПД кинологиялық қызмет орталығында 31 іздестіру иті қызмет етуде. Департаменттің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністерінің қызметкерлерімен бірлесіп, есірткі заттарын заңсыз тасымалдау немесе сақтау фактілерінің жолын кесу және анықтау мақсатында барлық жүк бөлімшелері, сақтау камералары мен күту залдары тексеріледі. Еліміздің оңтүстік өңірлерінен келетін, сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстан республикаларыан қатынайтын халықаралық жолаушылар пойыздарында профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Бұдан бөлек, "Қазпошта" АҚ объектілерінде және теміржол көлігі арқылы тасымалданатын почта жөнелтілімдері мен бандерольдар тұрақты тексерілді.
Жыл басынан бері көлік полицейлері қызметтік иттерді 3335 рет қолданды. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен 78 есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Заңсыз айналымнан 160 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі теміржол көлігі объектілерінде, яғни, 63-і теміржол вокзалдарында, 11-і жолаушылар пойыздарында тіркелген. Сондай-ақ, екі фактіден әуежайлар мен "Құрық" портының аумағында анықталды. Мәселен, осы жылдың маусым айында "Қарасора–2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түрксіб станциясының аралығында қызметтік-іздестіру итінің көмегімен 103 келіден астам өсімдік тектес есірткі заты —марихуана табылып, тәркіленді. Сөйтіп, есірткі жеткізудің ірі арнасының жолы кесілді. Мамандар өздерінің "төрт аяқты көмекшілерінің" қару-жарақ, жарылғыш заттар мен басқа да тыйым салынған заттарды анықтау дағдыларын жетілдіру үшін жүйелі түрде сабақтар өткізіп тұрады. Құқықтық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасатын болады.