Сапалы білім мен саналы тәрбиені ұтқыр ұштастырған, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің еліміздің білім беру ұйымдарына қажетті, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білімі мен білігі сай, жоғары білімді, бәсекеге қабілетті мамандар әзірлеудегі орны ерекше. Осы бағытта университеттің Филология институтында шетел тілі мамандарын даярлауда оқытушылардың озық технологияларды шетел тілі сабағында жүйелі қолданып, студенттердің тілдік құзыреттілігін арттырып, олардың заманауи талаптарға сай болуы үшін атқарып жатқан еңбектері жайлы аз-кем сөз өткенді жөн көрдік.
Шетел тілі мамандарын дайындау туралы сөз болған соң, әңгіменің әлқисасын жақында ғана Тіл білімінің тарландары, ҚР ҰҒА академиктері Әбдуали Қайдаров, Рабиға Сыздықова мен Шора Сарыбаевтың ғасырлық тойына арналған іс-шара аясында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұйымдастырған ғылыми конференцияда елге белгілі, ана тілі мен шет тілдерін тең меңгерген ғалымдардың сөздерін тыңдау мүмкіндігіне ие болғанымызды айтқымыз келеді.
Конференция төрінен орын алған ұстаздарым – осы күндері 85 жас белесті еңсеріп отырған профессор Әділ Ахметов мен оқыған Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдерінің ректоры ретінде қолыма жоғары оқу орнын бітіргенім туралы дипломды тапсырса, академик Кәрімбек Құрманәлиев Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Шетел тілдері кафедрасына жас маман ретінде мені ұстаздық қызметке қабылдап, еңбек жолыма ақ батасын берген кафедра меңгерушісі болған-ды.
Бұл күндері елімізге белгілі ғалымдардың мемлекеттік тіл мен шет тілдерін меңгерген мамандардың адам капиталын дамытудағы рөлі, сапалы ұлт қалыптастырудағы мәні туралы маңызды баяндамаларында айтқан пікір-ұсыныстары конференция қатысушыларына үлкен әсер етті. Әсіресе, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, полиглот-ғалым, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәрімбек Арыстанбекұлының шетел тілін меңгертуде Алаштың ардақты ұлы – Халел Досмұхамедовтің: «Қазақ тілін біліп тұрып, орысша сөйлесең, бұл – сүйініш, ал қазақша білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл –күйініш» деген қанатты сөзі көптілді меңгерген мамандарды дайындап шығаруда басты бағыт-бағдар болу керектігі туралы ұсынысы көптің көңілінен шыққанын айтсақ, артық болмасы анық.
Иә, академик ұстанған қағидатты қаперіне алған Қыздар университетінің оқытушылары да қазақ қыздарының «шетел тілдерін білгені дұрыс, бірақ ана тілі бірінші орында тұруы тиіс деген» бағытта мамандар дайындап жатқанын мақтанышпен айтқымыз келеді.
Студенттерге білім беру үрдісінде жаңа ақпараттық технологияларды қолдану мәселесі өте өзекті болып отырғаныны белгілі. Шетел тілін оқытудың мақсаты болып табылатын мәдениетаралық қарым-қатынас біліктілігін қалыптастыруда жаңа ақпараттық технологияларды қолдану – шетел тілін оқытудың басты міндеті деуге болады. Университетіміздің ректоры, филолог-ғалым Бейбіткүл Сәрсемханқызы Кәрімова шетел тілдері кафедраларының оқытушы-профессор құрамы алдына студенттерді шетел тілін жетік білетін, өзінің тіл біліктілігін жоғары деңгейде көрсете алатын, коммуникативті қабілеті мол маман болуға даярлау міндетін қойып отыр.
Осы міндеттер үдесінен шығу жолында ұстаздар шетел тілін үйретуде инновациялық технологияларды тиімді пайдаланып, студенттерді қазіргі замана талабына сәйкес бейімдеп, мемлекеттік тіл мен шетел тілдерін терең меңгерген маман етіп дайындауға аянбай атсалуда. Ұлағатты білім ордасының түлектері тек орта білім беретін мекемелерде ғана емес, сонымен бірге халықаралық ұйымдарда және шетелдік белді компанияларда абыроймен қызмет етіп жүргенін Қыздар университеті ұжымы мақтан етеді.
Тоты ТҰРҒАНБАЕВА,
Қазақ ұлттық қыздар
педагогикалық университетінің аға оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі