«Heart Center Foundation» қоғамдық қоры бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін Jüregımnıñ Jeñımpazy жыл сайынғы қайырымдылық жүгіру-фестивалі қатысушыларының алғашқы жаттығуына шақырады. Іс-шара 20 маусым күні сағат 08:00-де Астана қаласындағы Ботаникалық бақ аумағында («Сый» ескерткішінің жанында) өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Барлық жаттығулар сенбі күндері тегін өткізіледі және дайындық деңгейіне қарамастан барлық ниет білдірушілер үшін ашық болмақ. Барлығы 8 жаттығу жоспарланған: 20 және 27 маусымда, 4, 11, 18 және 25 шілдеде, сондай-ақ 1 және 8 тамызда.
Жаттығулар кәсіби жаттықтырушылар мен танымал қазақстандық спортшылардың жетекшілігімен өтеді. Олар қатысушыларға таңдаған қашықтыққа дайындалуға көмектесіп, жүгіру бойынша ұсыныстарымен бөліседі және бірлескен қыздыру жаттығуларын өткізеді. Қорытынды сабақта қатысушылар жүгіру бағытымен танысып, оны еңсеруге қатысты кеңестер алады.
Жаттығуларға ағза мүшелерін трансплантациялау операциясынан өткен реципиенттер де қатысады. Олардың көпшілігі жыл сайын Jüregımnıñ Jeñımpazy жарысына қатысып, 10 шақырымдық қашықтықты сәтті бағындырып келеді. Олар өз үлгілері арқылы трансплантацияның толыққанды әрі белсенді өмірге оралуға және жаңа мақсаттар қоюға мүмкіндік беретінін көрсетуде.
Дайындық жаттығуларына қайырымдылық жүгіру-фестивалінің серіктестері – медициналық орталықтар, спорт клубтары, жергілікті дүкендер мен кофеханалар қолдау көрсетеді. Олар қатысушылар үшін арнайы сыйлықтар мен жүлделер дайындаған.
Jüregımnıñ Jeñımpazy – трансплантацияны күтіп жүрген пациенттерді қолдауға бағытталған Қордың негізгі жобаларының бірі. Бүгінде Қазақстанда трансплантацияға мұқтаж жандардың Күту парағында 4 604 адам тұр, олардың ішінде 120 бала бар.
Жоба өткізілген жылдар ішінде Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіруден Астанадағы ең ірі әлеуметтік іс-шаралардың біріне айналды. Ол трансплантацияны күтіп жүрген пациенттерді қолдау идеясы төңірегінде мыңдаған адамды біріктіреді. Жобаға деген қызығушылық жыл сайын артып келеді: егер 2024 жылы бастамаға 4 200-ден астам адам қосылса, 2025 жылы қатысушылар саны шамамен 5 000 адамға жетті. Ал 2026 жылы шамамен 7 000 адам қатысады деп күтілуде. Фестиваль бағдарламасы донорлық пен трансплантация туралы қоғамның хабардарлығын арттыруға бағытталған жаңа білім беру, ағартушылық және отбасылық іс-шаралармен толықтырылады.
Фестивальдің өтетін күні мен уақыты: 2026 жылғы 9 тамыз, сағат 06:00-ден 16:00-ге дейін.
Фестиваль қатысушылары 1 км, 3 км және 10 км қашықтықтарды еңсее алады.
Жүгіруге тіркелу: hcf.kz/ru/events/juregimnin-jenimpazy-br-festival-kotoryy-obedinyaet-tysyachi-serdets
Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есе артып, 6 адамнан 18 адамға жетті. Соның нәтижесінде қайтыс болған донорлардан жасалған трансплантациялар саны 23-тен 68-ге дейін өсті, ал жүрек трансплантациясы операцияларының саны 5-тен 15-ке дейін артты. Соған қарамастан, донорлық ағзаларға деген қажеттілік әлі де жүйенің мүмкіндіктерінен әлдеқайда жоғары: 2025 жылы 342 адам өз трансплантациясын күтіп үлгермеді.
«Соңғы жылдары Қазақстанда трансплантологияны дамыту және ағза донорлығы мәселелері бойынша қоғамдық хабардарлықты арттыру бағытында оң өзгерістер байқалуда. Біз қайтыс болғаннан кейінгі донорлар санының өсуін, трансплантациялар санының артуын және қоғамның бұл тақырыпты талқылауға белсендірек араласа бастағанын көріп отырмыз. Алайда донорлық ағзаларға деген қажеттілік әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Бүгінде мыңдаған пациент өмірлік маңызы бар трансплантацияны күтуде. Сондықтан Jüregımnıñ Jeñımpazy сияқты қайырымдылық жүгіру-фестивалі секілді бастамалардың маңызы ерекше», – деп атап өтті Heart Center Foundation директоры Мұрат Зауыров.