«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Астана қаласының Полиция департаменті Ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Ашық микрофон» форматындағы азаматтық акция ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара полиция қызметкерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары арасында ашық пікір алмасуға мүмкіндік беретін алаңға айналды. Қатысушылар есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, жастардың есірткінің заңсыз айналымына тартылуының алдын алу, тәуелділіктің профилактикасы және қоғамда есірткіге деген мүлдем төзбеушілік көзқарасты қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Акция барысында елорда тұрғындары мен қонақтары өз пікірлерін ашық айтып, талқылауға қатысып, жеке тәжірибелерімен және ұсыныстарымен бөлісті. Қатысушылар есірткіден бас тарту таңдауы алдында тұрған адамның қандай шешім қабылдауы керектігі туралы сұрақтарға жауап беріп, тыйым салынған заттардың таралуына қатысты өз көзқарастарын білдірді. Полиция қызметкерлері қалада жүзеге асырылып жатқан профилактикалық шаралар туралы айтып, азаматтардың сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, «Астана жастары» еріктілері мен «Оян» жастар қозғалысының өкілдері есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған ақпараттық жадынамаларды таратты. Қатысушылардың ерекше қызығушылығын кинологиялық қызметтің көрсетілімдері тудырды. Онда қызметтік иттердің тыйым салынған заттарды іздеу жұмыстары, сондай-ақ патрульдік полиция қызметкерлерінің қызмет элементтері көрсетілді.
«Ашық микрофон» форматы құқық қорғау органдары мен қоғам арасында тікелей әрі сенімді байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Акция елорда тұрғындарының оң бағасына ие болып, ашық әрі сындарлы жағдайда өтті. Осындай іс-шараларды өткізу полиция мен қоғамның өзара іс-қимылын нығайтуға, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мәселесінде азаматтардың белсенді ұстанымын қалыптастыруға және қауіпсіз қалалық ортаны дамытуға ықпал етеді. Астана қаласының Полиция департаменті жастарды қорғауға, есірткінің таралуының алдын алуға және заңдылық пен тәртіп қағидаттарын нығайтуға бағытталған профилактикалық іс-шараларды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады.