Есірткі сақтаған күдікті ұсталды

Есірткі сақтаған күдікті ұсталды
фото: polisia.kz

Елордада "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында синтетикалық есірткі заттарын сақтаған күдікті ұсталып, 2 келіден астам есірткі заттары тәркіленді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер есірткі заттарын таратуға қатысы бар деген күдікпен 32 жастағы ер адамды анықтады. Күдікті жалға алынған автокөлікпен жүріп келе жатқан жерінде үйінің маңында ұсталды. Оның рюкзагын тексеру барысында полиэтилен пакетке салынған ақ түсті ұнтақ тәрізді зат анықталды.

Сараптама нәтижесінде оның салмағы шамамен 1 келі альфа-PVP екені анықталды. Күдіктінің тұрғылықты жеріне жүргізілген тінту барысында ас үйдегі шкафтан құрамында мефедрон және каннабис шайыры бар екі пластик ыдыс табылды. Тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 2 келіден асты. Барлық анықталған зат тәркіленді. Тергеу барысында ұсталған азаматтың "қойма" рөлін атқарып, есірткі заттарын сақтап, оларды таратумен айналысқан тұлғаларға бергені анықталды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта құқыққа қайшы әрекетке қатысы бар өзге де тұлғалар анықталуда.