Елордалық прокуратура алаяқтықтың алдын алу бойынша дәрістер өткізді

Елордалық прокуратура алаяқтықтың алдын алу бойынша дәрістер өткізді
фото: Астана қаласының әкімдігі

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында елордалық прокуратура алаяқтықтың алдын алу бойынша дәрістер өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Астана қаласы прокуратурасының қызметкерлері Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ келушілеріне алаяқтықтың алдын алу бойынша профилактикалық дәрістер өткізді. Дәріс Алматы ауданы бойынша әлеуметтік қызметтер көрсету бөлімінде, Қошқарбаев көшесі, 29/1 мекенжайы бойынша өткізілді. Іс-шараға 60-қа жуық адам қатысты.

Кездесу барысында азаматтарға телефон және интернет-алаяқтықтың кең таралған схемалары, дербес деректерді қорғау тәсілдері, банк карталарын, мобильді қосымшалар мен әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану қағидалары түсіндірілді. Банктердің, құқық қорғау органдарының, мемлекеттік ұйымдар мен байланыс операторларының қызметкерлері ретінде таныстырып жасалатын алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ қатысушыларға алаяқтық әрекеттерді анықтау, қаржылық операцияларды қауіпсіз жүргізу және күмәнді қоңыраулар немесе хабарламалар келіп түскен жағдайда әрекет ету алгоритмі бойынша практикалық ұсынымдар берілді. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – егде жастағы азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, цифрлық ортада қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және алаяқтық қылмыстардың жасалуына жол бермеу.