Елордалық мектеп лагерьлерінде профилактикалық жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Астана қаласының Полиция департаменті қалалық Білім басқармасымен бірлесіп, жазғы демалыс кезеңінде кәмелетке толмағандар арасындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға және жасөспірімдер арасында салауатты өмір салты құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыруда.
Ерекше назар елордадағы мектеп жанындағы лагерьлерде, сондай-ақ қалалық және жекеменшік демалыс лагерьлерінде жүргізілетін жұмыстарға аударылуда. Полиция қызметкерлері педагогтермен бірлесіп балалар мен жасөспірімдерге түсіндіру кездесулерін өткізіп, есірткі заттарының зияны мен олардың денсаулыққа тигізетін ауыр зардаптары туралы қолжетімді түрде ақпарат береді.
Жасөспірімдерге құқық бұзушылықтардың болашақтағы оқуына, жұмысқа орналасуына және өмірлік мүмкіндіктеріне әсер ететін салдары түсіндіріледі.
Демалыс уақытын қауіпсіз әрі мазмұнды ұйымдастыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Полицейлер оқушыларды спорттық, шығармашылық және білім беру іс-шараларына белсенді қатысуға, салауатты өмір салтын таңдауға шақырады.
Сонымен қатар «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ювеналдық полиция инспекторларымен бірлесіп рейдтік жұмыстар күшейтіледі. Бұл шаралар кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта көшеде жүруіне жол бермеуге, сондай-ақ жасөспірімдерді есірткі құралдарын қолдануға және таратуға тартудың алдын алу мен жолын кесуге бағытталған.
Жазғы демалыс кезеңі аяқталғанға дейін профилактикалық іс-шаралар елорданың барлық ауданында жалғасып, мектеп лагерьлері мен кәмелетке толмағандардың барлық санаттарын қамтиды. Сонымен қатар жастарға арналған бірқатар спорттық және мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Астана қаласының Полиция департаменті кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі жұмысын жалғастырып, жастардың қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелеріне басымдық беруде.