Елордадағы әскери бөлімдерде есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу күшейтілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Елордада 2026–2028 жылдарға арналған есірткіге және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында тыйым салынған заттардың таралуына жол бермеуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешені жалғасуда. Елорда полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері әскери полиция офицерлерімен бірлесіп, әскери бөлімдердің бірінің аумағында рейдтік іс-шара өткізді. Қызметтік-іздестіру иттерін пайдалана отырып, әскери бөлімнің аумағына, оның ішінде казармалар мен өзге де үй-жайларға тыйым салынған заттар мен заңнамаға сәйкес айналымы шектелген басқа да заттарды анықтау мақсатында тексеру жүргізілді.
Мұндай іс-шаралар тұрақты негізде өткізіліп, жүйелі профилактикалық жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Негізгі мақсат – есірткінің заңсыз айналымына қатысты ықтимал фактілерді уақтылы анықтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және әскери қызметшілер үшін қауіпсіз орта қалыптастыру. Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу барлық мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысын талап етеді. Тұрақты түрде өткізілетін рейдтік іс-шаралар ықтимал құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап қана қоймай, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға да мүмкіндік береді.