Астанада Төтенше жағдайлар департаментінің жеке тұрғын үй секторын күн салқындағанға дейін өрттен қорғауға бағытталған ауқымды профилактикалық науқаны басталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Құтқарушылар өрт шығу қаупін барынша азайтып, күзгі-қысқы кезеңде қала тұрғындарының қаза болуы мен жарақаттануының алдын алуды көздеп отыр.
Өрт қауіпсіздігі айлығының алғашқы кезеңі аясында ТЖД қызметкерлері күн сайын аулаларды аралап, тұрғындарға түсіндіру жүргізіп жатыр. Негізгі назар пеш жабдықтарын, газ құрылғылары мен электр желілерін қауіпсіз пайдалану ережелеріне аударылған. Мамандар тұрғындарға пешті қыс маусымына уақытылы дайындау, электр сымдарын тексеру және балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді.
Құтқару қызметі әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға қолдау көрсетуге де ерекше мән беріп отыр. ТЖД қалалық құрылымдармен бірлесіп, олардың үйлеріне автономды өрт хабарлағыштарын, улы және табиғи газды анықтайтын датчиктерді тегін орнатады. Сонымен қатар тұрғындарға мұржаларда жиналған күйені тазартуға көмектеседі.
«Қазір өрт қауіпсіздігі айлығының алғашқы кезеңі өтіп жатыр. Басты мақсатымыз – жылыту маусымында өрттің, адам өлімінің және улы газдан уланудың алдын алу. Осы мақсатта ТЖД қызметкерлері күн сайын тұрғын үй секторында рейд жүргізіп, қауіпсіздіктің негізгі талаптарын түсіндіреді. Атап айтқанда, пештердің дайындығын тексеру, электр желілерінің жағдайын бақылау және балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеміз», – деді Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Өміржан Түкішев.