Астанада бақылау-қадағалау органдарының бизнес-қоғамдастық алдындағы Бірыңғай есеп беру күні өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға 100-ден астам адам қатысты. Оның ішінде мемлекеттік және бақылау-қадағалау органдарының басшылары, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері, сондай-ақ түрлі салада жұмыс істейтін 70-тен астам кәсіпкерлер бар. Кездесу барысында бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл, мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, заңнама талаптарын сақтау және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес «Бақылау-қадағалау органдарының бірыңғай есеп беру күні» 2019 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Бүгінгі отырысқа бақылау-қадағалау функцияларымен уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып отыр. Аталған іс-шараның мақсаты бизнес-қоғамдастықпен тиімді кері байланыс орнату, заңнамадағы жаңалықтар жөнінде ақпарат беру, жиі анықталатын құқық бұзушылықтарды талқылау және олардың алдын алу бойынша ұсынымдар беру болып табылады, -деді Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы ММ басшысының орынбасары Қуандық Құрмашев.

Бас қосуда жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы мемлекеттік органдардың өкілдері баяндама жасады. Сондай-ақ, кәсіпкерлермен ашық диалог орнатуға ерекше назар аударылды. Бизнес өкілдері өздерін толғандырған сауалдарын мемлекеттік органдардың өкілдеріне тікелей қойып, тиісті түсіндірмелер алды. Жүргізілген бақылау және қадағалау шараларының нәтижесінде рұқсат құжаттарынсыз салынып жатқан нысандардың саны азайып, үлестік құрылыстағы тәуекелді нысандарды аяқтау бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізілді.