Елордада жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республикалық "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараның алғашқы күні полиция қызметкерлері күшейтілген рейдтік жұмыстар жүргізіп, жүргізушілермен, жаяу жүргіншілермен және жол қозғалысының басқа да қатысушыларымен профилактикалық әрі түсіндіру жұмыстарын өткізді. Негізгі назар адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін өрескел құқық бұзушылықтарды анықтауға және олардың алдын алуға аударылды. Жедел-профилактикалық іс-шараның алғашқы күнінде 300-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде: жолаушыларды тасымалдау қағидаларын және қауіпсіздік белдігін пайдалану талаптарын бұзудың 150-ге жуық дерегі; көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдаланудың 70-ке жуық фактісі; техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын пайдалануға қатысты 60-қа жуық құқық бұзушылық; электр самокаттарын басқарған жүргізушілер жасаған 40-қа жуық құқық бұзушылық; азаматтарға заңсыз әрі мазасын алып такси қызметін ұсынудың 20-ға жуық дерегі тіркелді. Елорда полициясы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.
"Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейдтік, профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізілетін болады. Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жолда мұқият әрі жауапкершілікпен әрекет етуге шақырады. Жолдағы қауіпсіздік – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Өзара сыйластық пен заң талаптарын сақтау ғана адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі.