Елорда тыныштығы үшін қызмет ететін офицер

Елорда тыныштығы үшін қызмет ететін офицер
фото: Астана қаласының Полиция департаменті

Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін абыройлы міндет. Осындай жауапты қызметтің алдыңғы шебінде жүрген тұлғалардың бірі – Астана қаласы Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің командирі полиция подполковнигі Айбек Нартпаев, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Ішкі істер органдарындағы қызмет жолын 2010 жылы бастаған ол бүгінде кәсібилігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен және көшбасшылық қасиетімен ерекшеленетін тәжірибелі басшы ретінде танылып отыр. Тәртіп сақшысы үшін полиция қызметі – жай ғана мамандық емес, ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі жолындағы өмірлік миссия.

Қызмет жылдары ішінде ол өзін батыл шешім қабылдай алатын, қиын жағдайда жауапкершілікті өз мойнына алудан тайынбайтын, тәртіп пен талапты бәрінен жоғары қоятын офицер ретінде көрсетті. Оның басшылығымен Патрульдік полиция полкі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде, жол қауіпсіздігін сақтауда және түрлі деңгейдегі маңызды іс-шараларды өткізуде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Айбек Мәдибекұлының бойындағы басты қасиеттердің бірі – өз ісіне деген шексіз адалдық. Ол әрдайым қызметті бірінші орынға қойып, жеке құрамға талап қоя отырып, өзі де соған сай үлгі көрсетеді. Сондықтан да әріптестері оны тәжірибелі басшы ғана емес, сөзі мен ісі үйлескен нағыз офицер ретінде құрметтейді.

Кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отыратын офицер экстремалды мотоцикл жүргізу курстарынан өтіп, арнайы дайындықтан өткен. Бұл оған күрделі жағдайларда көлік құралын шебер басқаруға, жедел шешім қабылдауға және қызметтік міндеттерін тиімді орындауға мүмкіндік береді. Мұндай дайындық жоғары шеберлікті, тәртіпті және үздіксіз жаттығуды талап етеді.

Спортпен тұрақты айналысып, салауатты өмір салтын ұстанатын ол қайсар мінез бен мықты ерік-жігердің жарқын үлгісі. Ат үстінде еркін көсіліп, табиғат аясында тынығуды ұнатуы оның ұлттық рухқа жақындығын, кең ойлайтын болмысын аңғартады. Таза ауа мен табиғаттан күш алып, қызметіне тың серпінмен оралатын офицер үшін бұл өмірлік үйлесімнің бір бөлігіне айналған.

Мемлекеттік маңызы бар іс-шаралар мен жоғары деңгейдегі делегацияларды алып жүру кезінде оның кәсіби шеберлігі, жинақылығы және жауапкершілігі ерекше көрінеді. Мұндай сәттерде әрбір шешімнің дәлдігі мен уақытылы қабылдануы маңызды болса, ол осы талаптардың үдесінен әрдайым табылып келеді.

Айбек Нартпаев – антына берік, халқына қызмет етуді өмірінің басты мұратына айналдырған офицер. Осындай азаматтардың арқасында елорда тұрғындары өз қауіпсіздігіне сеніммен қарап, ертеңгі күнге нық қадам басады.