Cайлауға дайындық аясында онлайн-семинар өтті

Cайлауға дайындық аясында онлайн-семинар өтті
фото: www.election.gov.kz

ҚР Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық аясында саяси партиялардың, аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдеріне арналған онлайн-семинар өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

        Іс-шара ҚР Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 1 шілдедегі №26/52 қаулысымен бекітілген «Сайлау комиссияларының мүшелерін және сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру жөніндегі жоспарды» іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды. Іс-шара жұмысына еліміздің барлық өңірлерінен 300-ге жуық саяси партиялардың, аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиынды Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов ашып, қатысушыларға алдағы сайлау науқанының маңыздылығы мен сайлау процесіне қатысушылардың заң талаптарын бірізді сақтауының қажеттілігіне тоқталды.

         Семинар барысында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Құрылтай депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізудің ерекшеліктері, сайлау туралы заңнаманы бұзғаны үшін көзделген жауапкершілік, сондай-ақ сайлауды байқаудың негізгі аспектілері жөнінде баяндама жасап, алдағы сайлау науқанын ұйымдастыру мен өткізудің құқықтық және практикалық мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар қатысушыларға сайлау процесіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері, қолданыстағы заңнаманың талаптары және оларды тәжірибеде қолдану тәртібі бойынша түсіндірмелер берілді. Семинар сайлау заңнамасын бірізді түсіндіру, сайлау процесіне қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және алдағы сайлау науқанын ұйымдастыру мәселелері бойынша бірыңғай құқықтық түсінік қалыптастыруға бағытталды.