Ботаникалық бақта профилактикалық рейдтер өтіп жатыр

Ботаникалық бақта профилактикалық рейдтер өтіп жатыр
фото: Астана қаласының әкімдігі

«Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Есіл ауданындағы Ботаникалық бақ аумағында әкімдік, полиция және прокуратура қызметкерлері бірлесіп, профилактикалық рейд өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындарға қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау қағидаларын еске салу, аумақтың ластануының алдын алу және заңсыз сауданың жолын кесу.

Есіл ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Алдауовтың айтуынша, мұндай тексерулер күн сайын өткізіледі. Әсіресе Ботаникалық баққа, желілік саябаққа және «Бәйтерек» монументі маңына ерекше назар аударылады.

Демалушыларға Ботаникалық бақ аумағында пикник ұйымдастыруға болмайтыны, ал спортпен тек арнайы жабдықталған алаңдарда ғана айналысу қажеттігі түсіндіріледі. Бұл туралы ескерту белгілері саябақтың барлық аумағында орнатылған.
«Біз тұрғындарға профилактикалық түсіндіру жүргіземіз. Сонымен қатар заңсыз саудагерлерден тәтті мақта сатып алу мен балаларға арналған электр көліктерін жалға алудың қауіпті екенін түсіндіреміз. Мұндай өнімдер сертификатталмаған, ал кәсіпкерлер оның салдары үшін жауапкершілік арқаламайды.

Дәл сол сияқты аккумулятормен жүретін балаларға арналған көліктері де аптап ыстықта өрт шығу қаупін тудыруы мүмкін», – деді Бақытжан Алдауов.

Аудан прокуратурасының өкілдері рейдтердің мақсаты тек құқық бұзушылықтарды анықтау емес, сонымен қатар қоғамдық кеңістіктерге ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру екенін атап өтті.

Есіл ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Ерасыл Досанның айтуынша, тұрғындарға заң талаптары түсіндіріліп, тазалықты сақтау және демалыстан кейін қоқыс қалдырмау қажеттігі ескертіледі.

«Саябақтар – мәдени демалыс орындары. Сондықтан біз мұнда профилактикалық іс-шаралар өткізіп, азаматтарға ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға болмайтынын түсіндіреміз. Егер рейд барысында құқық бұзушылықтар анықталса, полиция қызметкерлері алдымен профилактикалық сипаттағы шараларды қолданып, мұндай әрекеттерге жол бермеу қажеттігін ескертеді», – деді ол.

Профилактикалық жұмысқа полиция қызметкерлері де белсенді қатысады. Есіл аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Төлеповтің айтуынша, мұндай бірлескен рейдтер тұрақты түрде өткізіліп келеді.


 

«Біздің басты мақсатымыз – профилактика. Біз елорда тұрғындары мен қонақтарының жайлы демалғанын қалаймыз. Сонымен қатар олар өздерінен кейін қоқыс қалдырмай, қоғамдық кеңістіктерге ұқыпты қарауын қалаймыз. Тағы бір маңызды бағыт – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Рейд барысында азаматтарға көпшілік демалыс орындарындағы тәртіп қағидаларын түсіндіріп, заң талаптарын сақтауға шақырамыз», – деді полиция өкілі.

#законипорядок #заңментәртіп