Астана қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы №61 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Бейсен Тәңірберген үйінде тұшпара жасап, табыс тауып отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жас кәсіпкер 6 жасынан бастап қамыр жайып үйренген. Алғашында анасына көмектесуден бастаған Бейсен бүгінде әпкесі Дариғамен бірге тұшпара түйіп, бұл істі шағын кәсіпке айналдырған. Олар күніне 8-12 келіге дейін тұшпара дайындайды.
«Балаларымның күн тәртібі нақты жоспарланған. Олар сабақтан кейін қосымша үйірмелерге қатысады. Одан соң тапсырыс көлеміне қарай күніне 1-2 сағат тұшпара түйеді. Көбіне дүкендерден арнайы тапсырыстар түседі. Мен балаларға өнімді сату және өткізу жағына көмектесемін», – дейді Бейсеннің анасы Рысжан ханым.
Оқушы үшін бұл кәсіп – тек табыс көзі емес, еңбекке, жауапкершілікке және уақытты тиімді жоспарлауға үйрететін тәжірибе. Бейсеннің айтуынша, болашақта кәсібін одан әрі дамытып, жаңа өнім түрлерін шығарғысы келеді.