Қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пікірді ашық білдіру – азаматтық белсенділіктің бір көрінісі. Адамдар ортақ ұстанымын жеткізу, белгілі бір мәселеге назар аудару немесе ұсынысын білдіру үшін бейбіт жиналыстарға қатыса алады. Мұндай іс-шаралар заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылуы керек, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Конституцияның 34-бабында Қазақстан азаматтарының бейбіт жиналыстар өткізу құқығы көзделген. Сонымен қатар бұл құқықты пайдалану конституциялық құрылыс негіздерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен адамгершілігін қорғау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін. Демек, азаматтардың пікір білдіру мүмкіндігі мен қоғамдық қауіпсіздік талаптары заң аясында қатар сақталуы тиіс.