«Батырлар» әскери-патриоттық лагеріне 800-ден астам елордалық оқушы қатысты

«Батырлар» әскери-патриоттық лагеріне 800-ден астам елордалық оқушы қатысты

Астана қаласының «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен Мичурино елді мекенінде орналасқан «Батырлар» әскери-патриоттық орталығында әскери-патриоттық лагерь өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Лагерьге қаланың жалпы білім беру ұйымдарында білім алатын, мектепішілік тіркеуде тұрған, сондай-ақ көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 7-8 және 10-сынып оқушылары қатысты. Биылғы жазғы маусымда лагерь жұмысына 800-ден астам оқушы қамтылды.

Жобаның басты мақсаты – оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге тәрбиелеу, әскери-қолданбалы спорт түрлеріне қызығушылықтарын дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау.

Бағдарлама аясында балаларға танымдық, спорттық және тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылып, әскери дайындықтың негізгі элементтері үйретілді. Қатысушылар әскери қызметтің қыр-сырымен танысып, тәжірибелік сабақтар мен қызықты кездесулерге қатысты.

Лагерь барысында алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушылары саптық, атыс, тактикалық және дене шынықтыру бағыттары бойынша сабақтар өткізді. Оқушылар саптық қозғалыстарды меңгеріп, әскери тәртіп дағдыларын жетілдірді. Сонымен қатар әртүрлі қалыптан атуға дайындық жасап, пневматикалық винтовкадан ату, автоматты жартылай бөлшектеу және жинақтау, дәлдікке граната лақтыру жаттығуларын орындады.

Тактикалық дайындық сабақтарында қатысушылар сарбаздың ұрыстағы іс-әрекеттерімен танысып, оқу-жаттығу ойындарына қатысты. Дене шынықтыру бағытында кросстық жүгірулер, нормативтер тапсыру және эстафеталық жарыстар ұйымдастырылды.

Медициналық дайындық барысында алғашқы көмек көрсету тәсілдері үйретіліп, зардап шеккен адамға газтұмылдырық кигізу машықтары пысықталды. Сондай-ақ жеке қорғаныс құралдарын пайдалану, сақтау және жинақтау тәртібі түсіндірілді.
Балалар экстремалды жағдайларда өмір сүру негіздерін де меңгерді. Сабақтарда от жағу, су мен азық табу, жергілікті жерде бағдарлау сияқты маңызды дағдылар үйретілді.

Лагерь бағдарламасының маңызды бөлігінің бірі мәдени-бұқаралық жұмыстар болды. Қатысушылар қабырға газеттері мен жауынгерлік парақшалар шығарып, әскери-патриоттық әндер орындады, танымдық фильмдер көріп, әскери даңқ мұражайларына экскурсия жасады.

Жас ұрпақтың бойында азаматтық жауапкершілік пен елжандылық қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған әскери-патриоттық лагерь оқушылар үшін мазмұнды демалыс пен пайдалы тәжірибе алаңына айналды.