Астанада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында Еуразиялық банктің қызметкерлері Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасымен бірлесіп, №118 және №107 жайлы мектептердің аумағын көгалдандыру акциясын өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Акцияға білім беру мекемелерінің өкілдері мен «Жер елшілері» жастар экологиялық қозғалысының мүшелері де қатысты. Қатысушылар барлығы 100-ден астам көшет отырғызды.
№118 мектептің аумағына 50 алма ағашы егілді. Білім ордасының директоры Лаура Балабаева мұндай бастамалар өскелең ұрпақтың табиғатқа ұқыпты қарау дағдысын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
«Табиғатты аялау және қоршаған ортаның тазалығын сақтау – Отанға деген сүйіспеншілік пен жоғары азаматтық мәдениеттің көрінісі. Даналыққа толы халқымыз ағаш отырғызуды ежелден игілікті әрі сауапты іс деп санаған. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген мақал да бекер айтылмаған», – деді ол.
Еуразиялық банктің Астанадағы филиалының директоры Әсия Құлдыбаеваның айтуынша, акцияға қатысушылардың бірлескен көмегімен мектеп аумағында жаңа жасыл аллеяның негізі қаланды. Ол бастаманы қолдаған барша азаматқа алғыс айтып, отырғызылған ағаштар тамыр жайып, уақыт өте келе саялы аллеяға айналады деген үмітін білдірді.
Еуразиялық банк экологиялық жобаларға қатысу қоғамдық қызметінің негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, акция аясында мектеп аумақтарын көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінді. Себебі қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дағдысын бала кезден қалыптастыру маңызды.
«Биыл мектептердің, соның ішінде жаңадан ашылған білім беру мекемелерінің аумағына 100-ден астам ағаш отырғызуды ұйғардық. Отанға деген сүйіспеншілік, экологияға қамқорлық және қаламыздың көрікті болғанын қалау сезімі бала кезден қалыптасады деп есептейміз. Бүгінгі іс-шараның маңызды тұстарының бірі осы деп ойлаймын», – деді Әсия Құлдыбаева.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan