Балаларға табиғатты танытты

Балаларға табиғатты танытты
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы №84 «Кәусар» балабақшасында табиғатты аялауға үндейтін ерекше шара өтті. Балабақша мен №95 мектеп-лицейі арасындағы сабақтастық аясында ұйымдастырылған «Flamingo Fest» қалалық семинары балалардың қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттырып, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараға балабақша тәрбиеленушілері мен олардың ата-аналары, педагогтер, мектеп өкілдері және білім басқармасының мамандары қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында балаларға туған өлкенің табиғи байлығын таныстыру, олардың сөздік қорын дамыту, шығармашылық қабілетін арттыру және экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Сонымен қатар балабақша мен мектеп арасындағы сабақтастықты жүйелеп, табиғатты қорғау бағытындағы бірлескен жұмыстарды жандандыру көзделді. Іс-шара барысында «Таза Қазақстан» акциясының маңызы да кеңінен айтылды. Балаларға табиғатты қорғау үлкен істерден ғана емес, күнделікті қарапайым әрекеттерден басталатыны түсіндірілді. Қоқысты кез келген жерге тастамау, құстар мен жануарларға қамқорлық жасау, суды және табиғи ресурстарды ысырап етпеу сияқты қарапайым дағдылардың қоршаған ортаны сақтауда маңызды екені сөз болды. Яғни бүлдіршіндерге табиғаттың тазалығы әр адамның өзінен басталатыны ұғындырылды.

 «Балаға тәрбие беру барысында біз ең алдымен оның қоршаған ортаға, айналасындағы адамдарға және табиғатқа деген қарым-қатынасына көңіл бөлеміз. Бүгінгі шара арқылы балабақшадағы тәрбиенің мектеппен сабақтастығын ғана емес, балалардың табиғатты танып, оны қорғауға деген алғашқы қадамдарын да көрсетіп отырмыз. «Таза Қазақстан» акциясының мәні де осында. Тазалықты сақтау – тек үлкендердің міндеті емес, оны бала кезден қалыптастыратын мәдениет. Бала ауласын таза ұстап, қоқысты арнайы жәшікке тастап, құсқа қамқорлық жасап үйренсе, бұл әдет оның болашақтағы өмір салтына айналады. Сондықтан экологиялық тәрбиені баланың күнделікті әрекетімен ұштастыру маңызды» деді №84 «Кәусар» балабақшасының меңгерушісі Балауса Қайырғалиева.

Іс-шараның ең қызықты бөліктерінің бірі – «Ғажайып табиғат әлеміне» саяхат айдары болды. Мұнда балаларға Қорғалжын қорығының табиғаты таныстырылып, оның аумағында мекендейтін аң-құстар бейнеленген арнайы табиғат макеті ұсынылды. Одан кейін шара шығармашылық бағытқа ұласты. «FLAMINGO ART» шеберлік алаңында балалар алдын ала жұқа ағаштан дайындалған қоқиқаз пішіндерін безендірді. Бүлдіршіндер өз қиялдарына ерік беріп, құстың бейнесін түрлі тәсілмен әрледі.  Ал «Кескінді тап» дидактикалық ойыны балалардың зейіні мен танымдық қабілетін дамытуға арналды. Ойын барысында олар құстардың бейнесін олардың сұлбасымен сәйкестендіріп, бір-бірінен ажыратты, санады. Жалпы, балабақша мен мектеп арасындағы сабақтастықты нығайтуға бағытталған бұл бастама балалардың мектепке дейінгі кезеңнен бастап қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауына жол ашады. Ал «Таза Қазақстан» сияқты жалпыұлттық бастамалардың мәнін бала санасына осындай қарапайым әрі түсінікті әрекеттер арқылы сіңіру экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды қадамы болмақ.