Астанада бүгін «Қазанат» ипподромында басталып, екі күнге созылатын BaiQymyz-2026 халықаралық гастрофестиваліне ұсынылған қымызды қазылар алқасы мен дәмін татып, QR-код арқылы дауыс беріп жатқан халық бағалап жатыр.
"Бүгін Қазақстанның әр аймағынан және көршілес елдерден 59 қымыз өндіруші өз өнімдерін ұсынып жатыр. Жалпы фестивальге 56 тонна қымыз әкелінді, әрқайсысының дәмі ерекше. Жалпы қымыз өндірілетін жердің суымен, шөбімен, климатымен тікелей байланысты, сондықтан нашар қымыз болмайды. Осы фестиваль былтыр да бас қалада ұйымдастырылды. Бір жыл ішінде фермерлер кәсіби тұрғыдан қатты дамығаны байқалады. Қымызды бір жағынан халық бағалап жатса, екінші жағынан ғалымдар, этнологтар, нутрицологтар бағасын беріп жатыр. Қымызда жалпы А, В, С, D секілді дәрумендер өте көп. Бұл нені білдіреді? Бұл қымыздың халқымыздың денсаулығына арналғанын дәлелдейді" дейді қазылар алқасының мүшесі, қазақ ұлттық тағамдарын зерттеуші Әйгерім Мұсағожинова.
BaiQymyz-2026 фестиваліне ұсынылған өнімдерінің бірі - Абай облысы, Абай ауданы, Саржал ауылындағы "Бақытжан қымызы".
"Фестивальге 2,5 тонна қымыз алып келдік. Өткен жылы Саржал ауылы фестивальдің жеңімпазы болды. Биыл да жүлдені алып қаламыз деген үмітіміз бар" дейді осы қымызды өндіруші Меруерт Манарбекова.
Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы - қымызымен де әйгілі. Фестивальге осы өңірден бірнеше қымыз өндіруші қатысып жатыр.
"Біз Жаңаарқа ауданының Ақтүбек ауылынан келіп, 700 литр қымыз әкелдік. Жалпы 20 бие сауып отырмыз" дейді "Жаяңның жұмсақ қымызы" өнімін өндіруші Аманбай Ерболатұлы.