Елордада жергілікті өндіріс тауарларының көрмесі өтеді

Елордада жергілікті өндіріс тауарларының көрмесі өтеді
фото: atameken.kz

23 шілде күні сағат 10:00-де «Жастар" сарайында Астана қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастыратын «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жыл сайынғы көрмесінің ресми ашылуы өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы Қазақстанда 2023 жылдан бері табысты жүзеге асырылып келеді. Жоба отандық өндірушілерді қолдауға, өңірлік брендтерді дамытуға және жергілікті шикізаттан өндірілген бәсекеге қабілетті өнімді ілгерілетуге бағытталған.

Биыл Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы елордалық тауар өндірушілерден 40 өтінім қабылдады. Көрмеде қатысушылар азық-түлік өнімдерін, киім-кешекті, қолөнер бұйымдарын, табиғи косметиканы, ағаштан, былғарыдан және киізден жасалған бұйымдарды, сондай-ақ басқа да көптеген жергілікті өндіріс өнімдерін ұсынады.

Байқау қорытындысы бойынша жобаның келесі кезеңіне өтетін 20 жартылай финалист анықталады. Олардың арасынан 10 финалист өндірісті дамытуға қажетті жабдық сатып алуға арналған 5 млн теңге көлеміндегі грантты жеңіп алуға мүмкіндік алады.

Жоба финалистеріне кешенді қолдау көрсетіледі. Ол маркетингтік қолдауды, SMM-ілгерілетуді, маркетплейстермен жұмыс істеуді, маркетинг негіздеріне оқытуды, өнімнің қаптамасы мен брендін әзірлеуді немесе қайта жаңартуды қамтиды. Сонымен қатар, қатысушылар үшін өндіріс технологияларын жетілдіру, өнімді стандарттау, штрих-код пен тауар белгісін алу мәселелері бойынша білікті сарапшылардың қатысуымен оқыту іс-шаралары ұйымдастырылады.

Сондай-ақ жоба финалистерінің өңірлік, республикалық және халықаралық көрмелерге, форумдар мен конференцияларға қатысуына қолдау көрсетіледі. Бұл қазақстандық өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға шығаруға ықпал етеді.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы жергілікті ресурстар негізінде өндірілетін перспективалы өнімдерді анықтауға, өндіріс технологияларын жетілдіруге және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Көрмеге кіру тегін. Елорда тұрғындары мен қонақтарын жергілікті өндірушілердің өнімдерімен танысып, отандық бизнесті қолдауға шақырамыз!