Астанада әйгілі PSG Academy футбол академиясы ашылады

Астанада әйгілі PSG Academy футбол академиясы ашылады
фото: Туризм және спорт министрлігі

Қыркүйек айында Астанада Францияның әйгілі «Пари Сен-Жермен» клубының ресми академиясы – PSG Academy Kazakhstan футбол академиясы ашылады. Осылайша Қазақстан PSG Academy халықаралық желісіне қосылған 24-ші ел атанды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Академияның алғашқы оқу-жаттығу орталығы елордадағы Air Arena спорт кешенінде орналасады. FIFA талаптарына сәйкес келетін жабық футбол алаңы жас спортшыларға ауа райына қарамастан жыл бойы тұрақты жаттығу өткізуге мүмкіндік береді.

Алғашқы маусымда академия 6-14 жас аралығындағы 300-ге жуық ұл-қызды қабылдайды. Футболшылар жас ерекшелігі мен дайындық деңгейіне қарай топтарға бөлініп, «Пари Сен-Жермен» академиясының ресми оқу-жаттығу әдістемесі бойынша дайындалады.

PSG Academy Kazakhstan жобасының негізін қалаушы Алмас Әлсеновтың айтуынша, академияның басты мақсаты – балаларға әлемдік деңгейдегі футбол даярлау жүйесін қолжетімді етіп, олардың спорттық және тұлғалық дамуына жағдай жасау.

Жоба балалар футболын дамытып, отандық жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға да мүмкіндік бермек. Академияда еңбек ететін барлық бапкер PSG Academy бағдарламасы бойынша арнайы даярлықтан өтіп, ПСЖ клубының техникалық мамандарынан тұрақты әдістемелік қолдау алып отырады.

Кейінгі жылдары Қазақстанда балалар футболына қызығушылық артып, спорт инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Академияның алғашқы орталығы Астанада жұмысын бастайды. Болашақта жобаны еліміздің басқа өңірлеріне де ашу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, 2005 жылы құрылған PSG Academy бүгінде әлемдегі ең ірі футбол академияларының бірі саналады. Бүгінде әлемнің 24 елінде 200-ден астам оқу-жаттығу орталығы жұмыс істейді. Жыл сайын академияда 50 мыңнан астам жас футболшы тәлім алады.