Көлік полицейлері Астана әуежайында қоғамдық тәртіпті бұзған Моңғолия азаматтарын жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Оқиға Астана қаласының халықаралық әуежайында «Астана – Ұлан-Батыр» бағытындағы әуе рейсіне жолаушыларды тіркеу кезінде орын алды.
Әуе компания өкілінің актісі негізінде көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзған екі жолаушыны, Моңғолия азаматтарын рейстен түсірді. Олар әуе рейсіне жіберілмеді.
Тексеру барысында тәртіп сақшылары 40 жастағы екі Моңғолия азаматының алкогольдік масаң күйде болғанын анықтады. Қоғамдық орында масаң күйде болғаны үшін олар жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.
Көліктегі ПД азаматтар мен шетел қонақтарын белгіленген тәртіпті сақтауға, айналасындағыларды құрметтеуге және авиациялық қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарауға шақырады.