Астана халықаралық әуежайында әуе кемелерінің құстармен соқтығысу көрсеткіші екі еседен астам төмендеді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 11 расталған дерек тіркелген. Биыл мұндай 5 жағдай болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бақылау нәтижесі бойынша құстар көбіне сағат 03:00–11:00 және 15:00–23:00 аралығында белсенді болады. Осы уақытта орнитологтар аэродром мен оның маңын жіті бақылап, құстардың қай бағытта ұшып жүргеніне назар аударады.
Аэродром маңында көбіне шағала, қарға, көгершін, сауысқан және күйкентай кездеседі. Олардың белсенділігі маусымға, тәулік уақытына және қорек көздеріне қарай өзгеріп отырады. Соның ішінде шағалаларға ерекше назар аударылады. Күзде олар көл мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны арасында топ-тобымен ұшады. Таңертең бір бағытқа ұшса, кешке қайта оралады. Бұл бағыттардың кейбірі әуе кемелері жүретін аймақтарға жақын орналасқан. Сол себепті орнитологтар шағалалардың күнделікті ұшу бағытын тұрақты бақылап отырады.

Құстар мен жануарларды аэродромнан алыстату үшін бірнеше тәсіл қолданылады. Мамандар «BirdGard» биоакустикалық қондырғыларын, МПО-1 механикалық үркіткіштерін, шу шығаратын тапаншаларды, аңшы сигналын, лазерлік құрылғы мен оптикалық бақылау құралдарын пайдаланады. Арнайы автокөлік те мобильді биоакустикалық қондырғымен жабдықталған.
Алайда орнитологтардың міндеті құстарды үркітумен шектелмейді. Олар құстардың қайдан келетінін, қайда ұшатынын, бағыттарының тәулік пен маусымға қарай қалай өзгеретінін зерттейді. Құстардың жекелеп жүргені немесе үлкен топпен ұшқаны да назарға алынады. Жиналған мәліметтер күнделікті жұмыста талданып, тиісті шараларды жоспарлауға пайдаланылады.
Орнитологтар үшін сәуір мен қазан аралығы - жұмысы қауырт кезең. Бұл уақытта құстардың белсенділігі артып, аэродром маңында жиі байқалады. Құстардың қоныс аударуы мен күнделікті қозғалысына ауа райы, маусым және қорек көздері әсер етеді. Сондықтан әуежай мамандары аэродромдағы құстарды ғана емес, оның айналасындағы өзгерістерді де назарда ұстайды. Бұл олардың ықтимал бағыттарын алдын ала анықтап, қажетті шараларды дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді.
Анықтама: авиацияда әуе кемесінің құспен соқтығысуы bird strike деп аталады. Орнитологиялық қамтамасыз ету кезінде мамандар аэродром мен оған жақын аумақтағы құстарды бақылайды, ықтимал қауіпті бағалайды және олардың әуе кемелері үшін маңызды аймақтарға жиналуына жол бермеу шараларын жүргізеді.
