Алғаш рет «Астана – есірткісіз қала!» арнайы пойызы жолға шықты

Алғаш рет «Астана – есірткісіз қала!» арнайы пойызы жолға шықты
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада Қазақстандағы алғашқы есірткіге қарсы пойыз іске қосылды. Астана – Бурабай бағыты бойынша жолаушылар пойызында тәртіп сақшылары мінген азаматтарды есірткіден бас тартуға шақырып, сондай жағдайда көмек беретін қызметтер байланысы туралы ақпарат беретін болады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Ерекше жобаны Астана қаласының полиция департаменті мен Көліктегі полиция департаменті елорда әкімдігінің, Сарайшық ауданы әкімдігінің, ҚР Пенчак Силат қауымдастығының, "Жасыл желкен" ҚҚ, "O. Y. A. N" ПД және "Астана жастары" Жастар ресурстық орталығы еріктілерінің қолдауымен ұйымдастырды.

Пойыз 12 тамызда елордадағы "Нұрлы жол" вокзалынан жолға шықты. Жолаушылар пойызға отыруға жиналып жатқанда вокзалдың күту залында полицейлер, еріктілер, спортшылар және қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен " Астана-есірткісіз қала!» ерекше акциясы өтті. Вагондардың сырты мен іші есірткіге қарсы материалдармен безендірілген. Олар заңды сақтауға, есірткіден бас тартуға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

Аталған пойыз күн сайын жүреді. Сондықтан ұйымдастырушылар профилактикалық бағыттағы ақпарат беру акциясы тек бір күнмен шектеліп қалмайтынын айтады. Жолаушыларға сенім телефондары мен көмек сұрауға болатын қызметтердің байланыс деректері бар буклеттер таратылды. Вокзалда есірткіге қарсы бейнероликтер де көрсетілді.

Акция тек пойызды іске қосумен шектелмеді. Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін есірткіні қолданудың салдары туралы суреттер көрмесі, концерт және интерактивті алдын алу алаңдары ұйымдастырылды. Астана полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс- қимыл басқармасының бөлім бастығы Әлия Қибатқызы атап өткендей, құқықбұзушылықтың алдын алу - бұл құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, сонымен қатар қоғамның және әрбір адамның жалпы жауапкершілігі. Сондықтан жобаға жастар, еріктілер, спортшылар және қоғамдық ұйымдар тартылды. Міндет - есірткінің салдары туралы ескерту ғана емес, қауіптен тұрақты түрде бас тартуды қалыптастыру және салауатты өмір салты, заң және жеке жауапкершілік күнделікті мәдениеттің бір бөлігіне айналуы керек екенін көрсету.

Полицияның кинологиялық қызметінің қызметкерлері қызметтік иттердің жұмысын көрсетті. Акцияның ең көрнекті қатысушыларының бірі полицияның робот-иті болды. Жобаға еріктілер, жастар, пенчак-силат спортшылары және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қосылды. Оның айтуынша, жыл басынан бері Астанада 500-ден астам профилактикалық іс-шара өткізілген.

Жаңа пойыз жобасы "Астана — есірткісіз қала" жоспары аясындағы ауқымды жұмыстың бір бөлігі саналады және "Заң және тәртіп" қағидаты шеңберінде іске асырылуда.