Аякөз Еркінбекқызы: Қазанғап күйлері толық зерттеліп болған жоқ

Аякөз Еркінбекқызы:  Қазанғап күйлері толық зерттеліп болған жоқ
фото: Асантемір Қаршығаұлы

Қазақтың белгілі күйшісі Қазанғап мұрасын насихаттап, шығармашылық әлемін, философиялық ой-толғамын және күйшілік дәстүрін кейінгі буынға аманаттап жүрген күйшілер кемде кем. Оны тек ғылыми тұрғыдан зерттеп қана қоймай, күйлерін сахнада орындап, тыңдарманға жеткізуді маңызды міндет деп санайтын танымал күйшілердің бірегейі - Аякөз Еркінбекқызы. Дина Нұрпейісова атындағы республикалық күйшілер байқауының лауреаты, «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің жүлдегері, «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері, Қазанғап күйлерін насихаттаушы және зерттеуші, бүгінде Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаздық қызмет атқаратын өнер иесімен  шығармашылығы және алдағы жоспары туралы сұхбаттасқан едік.  

-Өнер жолында қалыптасуыңызға кімдер себеп болды?

  -Өнер жолындағы қалыптасуыма, кәсіби ізденістерімнің бағытын айқындауыма ықпал еткен ең маңызды тұлғалардың бірі – әкем. Ол да күй өнерін меңгерген, домбыра тартқан өнер адамы еді. Сондықтан менің бала кезден музыкаға, әсіресе дәстүрлі күй өнеріне деген қызығушылығымның қалыптасуында әкемнің орны ерекше. Әкем өнерді тек орындаушылық шеберлік тұрғысынан ғана емес, ұлттық рухани құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің маңызды тетігі ретінде қабылдайтын. Оның күйге деген құрметі мен өнерге деген жауапкершілігі менің дүниетанымымның қалыптасуына айтарлықтай әсер етті. Домбыраның үнін тыңдап, күйдің мазмұны мен табиғатына назар аудару арқылы мен өнердің сыртқы орындаушылық қырынан бөлек, оның тарихи-танымдық және тәрбиелік мәнін де түсіне бастадым.

- Дина Нұрпейісова атындағы республикалық күйшілер байқауының лауреаты атануыңыз шығармашылық жолыңыздағы маңызды белес екені анық. Байқау сізге қандай тәжірибе берді?

– Аталған күй сайысы 1991 жылы күйшінің туған жері – Атырау қаласында ұйымдастырылды. Бұл менің өнер жолымдағы алғашқы үлкен күй сайыстардың бірі болды. Сондықтан байқаудың шығармашылық қалыптасуымдағы орны ерекше. Дина Нұрпейісованың күйлерін орындау үлкен жауапкершілікті талап еткенімен, оның шығармаларының музыкалық табиғаты мен орындаушылық ерекшеліктері маған жақын болды. Күйлерді орындау барысында олардың ішкі мазмұнын, әуендік құрылымын және орындаушылық иірімдерін сезінуге ұмтылдым. Бұл байқау маған шығарманы тек техникалық тұрғыдан меңгеру жеткіліксіз екенін, ең алдымен күйдің табиғатын түсініп, оның көркемдік мазмұнын тыңдаушыға жеткізе білу қажеттігін ұқтырды. Байқаудың тағы бір ерекшелігі – оған тек қыз-келіншектердің қатысуы еді. Бұл қазақтың дәстүрлі күй өнеріндегі әйел орындаушылардың шығармашылық мүмкіндігін көрсетуге кең жол ашқан маңызды мәдени шара болды.

- «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің жүлдегері атандыңыз. Бұл жетістіктің сіз үшін орны қандай?

– Фестиваль Астана қаласында алғаш рет ұйымдастырылған кезде қатысып, жүлдегер атандым. Сол кезеңде «Шабыт» фестивалі жас өнерпаздардың шығармашылық мүмкіндігін танытып, олардың өнерін кең көлемде насихаттауға бағытталған маңызды мәдени алаңдардың біріне айнала бастады. Мен үшін бұл фестивальдің ерекшелігі – оның тек белгілі бір өнер саласын ғана қамтымай, әртүрлі шығармашылық бағыттағы жастардың басын қосуында. Байқауға күйшілермен қатар ақындар, суретшілер және өнердің басқа да салаларында ізденіп жүрген жас таланттар қатысты. Осы тұрғыдан алғанда, фестиваль жас шығармашылық иелерінің өзара тәжірибе алмасуына және бір-бірінің өнерін тануына мүмкіндік берген үлкен мәдени орта болды.

- Қазанғаптың күйлерін алғаш орындаған кезіңіз есіңізде ме? Сізге ең алғаш әсер еткен күйі қандай күй?

-Қазанғаптың күйлерінің ішінен алғаш орындағаным — «Көкіл» күйі еді. Бұл күйді Қазанғап мұрасының ішіндегі күй төресі деп ерекше бағалаймын. «Көкіл» орындаушыдан үлкен шеберлікті, техникалық дайындықты және күйдің ішкі мазмұнын терең түсінуді талап етеді. Оның шығармаларын орындаудың өзіндік күрделі қағыстары мен техникалық ерекшеліктері бар. Күйлерінде жиі кездесетін триоль қағыстарды дәл әрі табиғи орындау орындаушыдан үлкен біліктілікті қажет етеді. Қағыстың әрбір иірімін, ырғақтық ерекшелігін дұрыс жеткізу үшін домбырашы күйдің орындалу дәстүрін терең меңгеруі керек. Қазанғаптың барлық күйлерін орындауды ұстазым Сәдуақас Балмағамбетовтен меңгердім десем, қателеспеймін. Консерватория қабырғасында білім алып жүрген кезімде Қазанғап күйлеріне арнайы музыкалық талдаулар жасап, олардың орындаушылық ерекшеліктеріне байланысты ғылыми мақалалар да жаздым. Сол зерттеу барысында Қазанғап шығармашылығының қаншалықты терең әрі ауқымды екеніне көз жеткіздім. Қазанғап күйлері қазіргі таңда толық зерттеліп, зерделеніп болды деп айтуға әлі ерте. Себебі ел ішінде Қазанғаптың аңызымен бірге айтылып, белгілі бір оқиға желісіне байланысты орындалатын циклді күйлері өте көп.

- Қазанғап күйлеріндегі еркіндік, өрлік, жігер сынды ұлттық мінезді домбыра арқылы тыңдарманға қалай жеткізесіз?

-Қазанғап күйлері — адам жанын тебірентетін, терең философиялық мазмұнға ие шығармалар. Оның күйлерінен адамның қуанышы мен мұңын, арманын, сағынышын, махаббатын және өмірдегі түрлі сезімдерін аңғаруға болады. Оның шығармашылығында махаббат тақырыбы да ерекше орын алады. Сол кезеңдегі қыздардың өз сүйгеніне қосыла алмауы, тағдырдың жазуына көнуге мәжбүр болуы сияқты әлеуметтік әрі адамдық мәселелер көптеген күйлеріне арқау болған. Сондықтан бұл шығармаларды орындағанда күйдің сыртқы әуезін ғана емес, оның астарындағы адам тағдырын да сезіну маңызды.

-Қазанғап мұрасын насихаттау сізге қандай жауапкершілік жүктейді?

-Қазанғап күйлерін ғана емес, қазақтың дәстүрлі күй өнерінің көрнекті өкілдері Ақбала мен Әлшекейдің шығармаларын да насихаттауға ерекше мән беремін. Осы бағыттағы жұмыстардың бірі ретінде соңғы үш жыл бойы Астана қаласында республикалық деңгейде күйшілер сайысын өткізіп келемін. Бұл байқауды өткізудегі негізгі мақсатым — кейінгі ұрпаққа дәстүрлі күй мұрасын жеткізу, жастарға Қазанғап, Ақбала, Әлшекей сынды күйшілердің шығармаларын үйрету және олардың орындаушылық дәстүрін жалғастыруға мүмкіндік жасау. 2022 жылы жарық көрген Ақбала мен Шағдардың күйлеріне арналған еңбегімде және «Сыр бойы күйшілік дәстүрінің ініндегі Әлшекей» атты кітабымда қамтылған күйлерді де жас орындаушыларға үйретіп, олардың репертуарына енгізуге тырысып жүрмін. Меніңше, дәстүрлі күй мұрасын насихаттау тек сахнада күй орындаумен шектелмейді. Оның әрбір шығармасын кейінгі буынға жеткізу, шығу тарихын түсіндіру, орындаушылық ерекшелігін үйрету және жас күйшілердің репертуарына енгізу — үлкен жауапкершілік.

- Күй өнерін енді үйреніп жүрген жас домбырашыларға қандай кеңес берер едіңіз?

-Меніңше, күйші үшін тыңдау, зерттеу және орындау бір-бірінен ажырамайтын үш бағыт болуы керек. Егер әрбір жас домбырашы осыған мән берсе, халқымыздың қаншама құнды күйлері ұмытылмай, керісінше, кейінгі ұрпаққа өз болмысымен жетер еді. Күйді үйрену — тек саусақпен қағыс қағу емес, ол — халықтың тарихын, дүниетанымын, рухын үйрену. Сондықтан жас күйшілерге ең басты тілегім — әр күйге құрметпен қарап, оның тарихын біліп, орындаушылық дәстүрін сақтай отырып жеткізе білсін.

-Сіз үшін домбыра - музыкалық аспап па, әлде ұлттың тарихы мен рухын жеткізетін құндылық па?

-Мен үшін домбыра – ең алдымен, халқымыздың тарихы мен рухын бойына сіңірген, ұлттық болмысымызды танытатын киелі құндылық. Домбыраны жай ғана музыкалық аспап ретінде қабылдау оның мәнін толық ашпайды. Өйткені қазақ халқының ғасырлар бойғы тарихы, қуанышы мен қайғысы, арман-мұраты мен дүниетанымы күй арқылы, ал күйдің үні домбыра арқылы бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Домбыра – қазақ ұлтының айнасы деп ойлаймын. Бүгінде қазақты шетелге танытатын өнердің бірі де – домбыра мен күй. Қай елге барсақ та, домбыраның үні арқылы халқымыздың кім екенін, қандай мәдениетке ие екенін таныта аламыз. Сондықтан оның ұлттық-мәдени маңызы өте зор.

– Өнер жолында кездескен ең үлкен қиындық қандай болды және оны қалай еңсердіңіз?

   -Өнер жолындағы менің ең үлкен қиындықтардың бірі – ұзақ жылдар бойы шетелде тұрып, кәсіби шығармашылық қызметімді туған елден тыс жерде жалғастыруым болды. Жолдасымның қызметіне байланысты Иран Ислам Республикасында ұзақ жылдар тұрып, Қазақстан елшілігінде еңбек еттік. Әрине, елмен байланысымызды үзген жоқпыз, белгілі бір уақыттарда Қазақстанға келіп тұрдық. Дегенмен өнер адамы үшін өз елінен, өзінің шығармашылық ортасынан ұзақ уақыт алшақ жүру оңай емес. Шетелде жүрген жылдарымда да қазақтың дәстүрлі өнеріне деген қызығушылығым мен зерттеу жұмыстарымды тоқтатпадым. Керісінше, басқа мәдени ортада жүріп, өз ұлттық өнеріміздің қадірін тереңірек түсіндім. Қазақстанға келген кездерімде концерттер беріп, өзім зерттеп жүрген Оңтүстік Қазақстан өңірінің күйшілік дәстүрін, Ақбала Жаңқабылұлының күйлерін, Сыр бойы күйшілік мектебінің мұрасын насихаттауға тырыстым. Алайда елге оралған кезде кейбір кәсіби мәселелерге байланысты түсініспеушіліктер де кездесті. Астанадағы өнер ордаларында жұмыс істеп жүрген жас әріптестеріммен шығармашылық жобалар туралы сөйлескен кездерімде, концерт өткізу үшін залды жалға алу, оның ақысын төлеу мәселесі сөз болады. Әрине, кез келген мәдени мекеменің өзіндік тәртібі мен қаржылық талаптары бар екенін түсінемін. Бірақ кей жағдайда шетелде ұзақ жылдар тұрып, елдің мәдени өмірінен уақытша алыстаған өнер адамының туған еліне қайта оралып, шығармашылық байланысын жалғастыруына мүмкіндік беретін қолдау тетіктері де болғаны дұрыс деп ойлаймын.

– Алдағы уақытта қандай шығармашылық жобаларды жүзеге асырғыңыз келеді?

-Алдағы уақыттағы басты мақсаттарымның бірі – соңғы үш жыл көлемінде арнайы зерттеп жүрген күйшілердің шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау. Осы бағыттағы жұмыстардың бірі ретінде республикалық күйшілер байқауын өткізіп келемін. Бұл жобаның негізгі мақсаты – зерттелген күйлерді тек ғылыми еңбектерде немесе кітап беттерінде қалдырмай, оларды орындаушылық айналымға қайта енгізу. Өйткені зерттелген күйдің халыққа жетуі – зерттеуші үшін де, орындаушы үшін де үлкен жауапкершілік. Мен үшін үлкен сахнадағы басты арман – өзім зерттеген күйлерді халыққа танытып, олардың қайтадан кең көлемде орындалуына жол ашу. Егер менің орындауым арқылы бір жас күйші белгілі бір күйге қызығып, оны үйренуге талпынса немесе тыңдарман сол күйдің тарихын білуге ынталы болса, мен оны үлкен шығармашылық жетістік деп қабылдар едім.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Райхан Рахметова