Ерлік – елдік дастаны

Астанадағы Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында «Ерлік – елдік дастаны» атты республикалық командалық айтыстың жартылай финалы өтті. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараны Amanat партиясының қолдауымен елорда әкімдігінің Мәдениет басқармасы ұйымдастырды.
Айтысты елімізге белгілі суырыпсалма сөз зергері, Парламент Мәжілісінің депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай тізгіндеді. Қазылар алқасының құрамында Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман, ақын, ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, ақын, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, күйші, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай, Қазақстанның халық әртісі, ұлттық вокал мектебінің көрнекті өкілі Рамазан Стамғазиев, көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қалқаман Сарин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі және эстрадалық бағытта өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған өнер иесі Ақан Әбдуәлі болды.
Жартылай финалдың алғашқы кезеңінде Қарағанды облысы мен Астана қаласының суырыпсалма ақындары мен дәстүрлі өнердің дарабоздары сахна төріне шығып, сөз өнерінің шеберлігін паш етті. Ақындар қайым айтыс, сүре айтыс, түре айтыс пен өтірік өлең айтып сайысса, дәстүрлі әнші, жыршы, термеші мен күйшілер өзара бақ сынады. Астана қаласы командасының тізгінін белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазы ұстап, сахнада Дінмұхаммед Боранбай таныстыру айтты. Қаланың намысын қорғаған ақындардың қатарында Мұхтар Қонарбаев, Иранғайып Күзембаев, Нартай Тілеуқұл мен Еркебұлан Қайназаров болды. Олармен бірге дәстүрлі ән, жыр-терме, күй өнерінің майталмандары Клара Төленбаева, Гүлмира Сарина, Ерболат Шалдыбеков және Бақытжан Дүйсенғазиев өнер көрсетті. Ал Қарағанды облысы құрамасы да осал болмады. Команданы ақын Айтбай Жұмағұл бастап келсе, сахналық таныстыруды Жанарыс Тілеубек айтты. Сүре мен түре айтыста Тілеген Әділов пен Мақсат Аханов, өтірік өлең мен қайым айтыста Нұрмұхаммед Байсүгір мен Дидар Қами шеберлігін танытты. Олардың өнеріне дәстүрлі әнші Сержан Мұсайын, термеші Дәуренбек Әркенов, жыршы Қазыбек Әдікей және күйші Балқан Смағұлов өз үлесін қосты.
Айтыс қашанда қазақ халқының делебесін қоздырып, сөз сүйегіне сіңген адамдарды желпінтіп тастайтыны ақиқат. Осы жолы да көрермен бірде желпініп тақым қысса, бірде айғайлап қол шапалақтап отырды. Мысалы, Қарағандының атынан шыққан Мақсат Аханов пен Астананың намысын қорғаған Иранғайып Күзембаевтың айтысына назар салсақ, айтыстағы әріптесі Иранғайыптың сарылығына тиісіп бастаған Мақсат Ахановқа Иранғайып:
«Сары болсақ ұқсағам Сақ бабама.
Сарыға тиісуің де жөн емес қой,
Кенесары қорғаған Ақмолада» деп лезде жауап қайтарды. Оған Мақсат та табан астында тапқырлық танытып:
«Өзіңді ойлап жүргем
қасқасың деп,
Кім жіберген Мақсатты
жасқасын деп.
Ол рас, хан Кене қорғапты ғой,
Қараөткелдің қадірі
қашпасын деп.
Өзіңді хан Кенеге теңемеші,
Ол енді басқа тағдыр, басқа сурет.
Кенесары қорғаған Сарырқаны
Түрі сендей сарылар баспасын деп» деп әзілмен жауап бергеніне көрермен тәнті болып, таңдай қағысып жатты. Сөйтіп айтыстың жалпы деңгейі қарайлас болғанмен, 1 ғана ұпай айырмасының нәтижесінде Қарағанды облысынан келген өнерпаздар астаналықтардан басым түсті.
Былтыр наурыз айында алғаш рет басталған командалық айтыс бірден айтыссүйер қауымның ықыласын оятып, ел ішіндегі өнер мектептеріне тың серпін берген еді. Сол жолы «жыр аламанына» қатысқан 20 ұжым биыл толық құрамда екінші маусымға келді. Іріктеу кезеңінен кейін 10 команда қалған болатын. Ал олардың ішінен 4 команда – Астана, Қарағанды, Түркістан және Ақтөбе облысы жартылай финалға жолдама алған. Осы жолы екі күн бойы Астана төрінде өткен айтыстың бірінші күні Астана мен Қарағанды құрамасы жұптасса, екінші күні Түркістан мен Ақтөбе облыстарының құрамасы шығып, өзара бақ сынасты. Ақтөбе облысының құрамасын белгілі айтыскер Марат Ахметов бастап келсе, Түркістан командасын ақын Бекарыс Шойбеков алып шықты. Қос команданың мүшелерін көрерменге қос өрен – Сұлтан Қарағұл мен Шахмардан Бекарысұлы таныстырды. Аламан сүре айтыспен басталып, алғашқы болып сахнаға ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев пен түркістандық Нұрмахан Жақыпбек шықты. Суырыпсалма ақындар өлеңмен тарихқа шолу жасап, кештің мазмұнын тереңдете түсті. Әзіл мен астарлы ой қатар өрілген сөз сайысы көрерменді бірде күлдіріп, бірде толқытты.
Сахнада бірінші болып сөз алған Нұрмахан Жақыпбек соғыстағы бабалардың ерен ерлігін әдемі жырмен өрнектеп:
«Көзсіз ерлік негізі – солардікі,
Көбісі қайтпайтынын
біліп кеткен.
Қолындағы таяғын қару қылып,
Қайнаған қан майданға кіріп кеткен» деп елдің көңілін толқытса:
«Қырық бірде басталып
қырғын соғыс,
Бәрінің тәтті өмірі тәмамдалды.
Нардың жүгін көтерген
інгендей боп,
Ердің жүгін көтеріп анаң қалды.
Әкесі кеткеннен соң әулетіне,
Бас болып он үштегі балаң қалды.
Әйел мен бала-шаға астық орып,
Жіберген майдан жаққа
вагондарды.
Сондықтан ұмытпайық,
ұлықтайық,
Өмірі тылда өткен жарандарды.
Қанын төгіп соғыста жүрмесе де,
Терін төгіп тырмысқан
мамандарды.
Қару ұстап соғыспай немістермен,
Кетпен ұстап соғысқан адамдарды» деп Нұрбол Жауынбаев майдан даласында емес, тылда еңбек еткен ата-әжелеріміздің ерен еңбегі ескерусіз қалып жататынын тілге тиек етті.
Сүре айтыстан соң сахна төріне Ақтөбеден Қажымұхан Абзалов пен Түркістаннан Қайырхан Жұбаниязов шығып, түре айтыста шеберлігін көрсетті. Ал Біржан мен Сара үлгісіндегі классикалық қыз-жігіт айтысының үлгісін Дәурен Ақсақалов пен Аруна Керімбек көрсетті. Қайым айтысқа Ақтөбе облысынан 15 жастағы жас ақын Арай Нұрадин қатысып, түркістандық Аян Ниязбекпен жұп болды. Сонымен қатар қос өңірдің күміс көмей әншілері мен жыршылары, термешілері мен күйшілері өзара сайысып, сахнаның сәнін келтірді. Нәтижесінде Түркістаннан келген өнерпаздар ақтөбелік қарсыластарынан басым түсіп, финалға жолдама алды. Өнер көрсеткен саңлақтардың бәрі қомақты ақшалай сыйлықпен марапатталды.
– Ерке Есілдің бойында, бағаналы орда төрінде аламан айтыс өтті. Командалық айтыс өздеріңізге жақсы таныс. Бұл – Amanat партиясының бастамасымен жүзеге асып келе жатқан мега-жоба. Бұл жолы ақындар Отан үшін отқа түскен ата-бабамыздың ерлікке толы ғұмыр жолын жырлап, бүгінгі бейбіт күннің қадірін сұлу сөзбен жеткізді. Енді алдымызда – командалық айтыстың соңғы межесі. Финал түркі әлемінің мәдени астанасы – Ақтау қаласында өтеді. Онда кеше жеңімпаз атанған Қарағанды мен Түркістан облыстарының командалары өнер додасына түседі, – деді Amanat партиясы орталық аппараты саяси жұмыс департаментінің директоры Еркебұлан Жаулыбаев.