Білікті кадр – сапалы қызмет

Бүгінгі күні елімізде мемлекеттік қызметке кадр іріктеу жүйесі түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – мемлекеттік аппаратты жаңарту және оған бәсекеге қабілетті, білімді, заманауи ойлайтын жас мамандарды тарту. Жаңа жүйе – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Осы орайда, біз ашықтық пен әділдікке негізделген мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі, оның ішінде жаңа формат арқылы қабылданған мемлекеттік қызметшілерді өз пікірлерімен бөлісуге шақырдық.
Садвакасова Жанар Мұратқызы, «Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы» ММ су ресурстары және қалдықтарды басқару бөлімінің бас маманы:
Қазіргі уақытта мен «Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы» ММ су ресурстары және қалдықтарды басқару бөлімінің бас маманы қызметін атқарамын.
Менің мемлекеттік әкімшілік қызметке қабылдану жолым «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы пилоттық жобаның аясында жүзеге асырылды, бұл маған қабылдау процесін толықтай қашықтан өтуге мүмкіндік берді. Мұндай тәсілдің кандидаттарды таңдау кезінде максималды әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ететіні мені қуантты. |
Мемлекеттік қызметке еліміздің кез келген жерінен өтініш беруге және тестілеуді ыңғайлы уақытта өткізуге мүмкіндік беру — бұл үлкен артықшылық. Мысалы, мен Павлодарда болған кезде тестілеудің алғашқы кезеңдерін сәтті өттім.
Қазіргі әлемде көптеген қиындықтар тікелей қоршаған орта жағдайымен байланысты, және бұл тек ғалымдарды ғана емес, әрқайсымызды да алаңдатады. Мен әрдайым әлемді жақсартуға және біздің планетамызды болашақ ұрпақтар үшін сақтауға ұмтылатын команда мүшесі болуды армандадым. Сондықтан мен мемлекеттік қызмет жолын таңдадым — Астана қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға және қалдықтарды басқару саласын дамытуға өз үлесімді қосу үшін.
Сейтов Ералы Нұржанұлы – «Астана қаласы «Сарайшық» ауданы кімінің аппараты» ММ инфрақұрылым бөлімі бас маманы:
Мемлекеттік қызмет – ұлт дамуының өзегін ұстап тұрған басты құрылымдардың бірі. Сондықтан бұл саланың кадрлық әлеуеті мейлінше әділ, ашық әрі кәсіби деңгейде қалыптасуы – уақыт талабы. Осы орайда қолға алынған мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі – тек құрылымдық өзгеріс емес, ел болашағына бағытталған стратегиялық бастама, заман талабына сай, әділетті әрі ашық жүйе деп есептеймін.
Бүгінгі өзгерістер азаматтардың әлеуетін әділ бағалауға, еңбегімен ерекшеленген, білім-білігімен көзге түскен талапкерлерге мүмкіндік беруге жол ашады. Тамыр-таныстық пен формализмге тосқауыл қоя отырып, үміткердің біліміне, қабілетіне және ойлау деңгейіне басымдық берілуі — біз секілді жас түлектер үшін үлкен мотивация және де бұл жүйе нағыз кәсіби кадрлар корпусын қалыптастыруға септігін тигізеді.
Жаңашылдық пен әділет қағидаттарына сүйенген бұл іріктеу үлгісі – мемлекеттік қызметтің сапалық деңгейін жаңа белеске көтереді деген сенімдемін, сонымен қатар жас мамандарға тең мүмкіндік беру арқылы біз өз еліміздің басқару саласына жаңа серпін қосамыз.
Зинелова Айдана Мұқанбетсадыққызы «Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы» ММ Көгалдандыру және табиғатты пайдалану бөлімінің бас маманы:.
Мен Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Биология» мамандығы бойынша жоғары білім және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жаратылыстану ғылымдарының магистрі дәрежесін алдым. Қазіргі таңда «Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы» ММ көгалдандыру және табиғатты пайдалану бөлімінің бас маманы қызметін атқарамын.
Менің мемлекеттік қызметке «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы пилоттық жобаның аясында тағайындалдым. Маған «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінің ұнаған тұстары, үміткердің өзіне қолайлы уақытта, ыңғайлы жерде тапсыра алуы және тестілеуден бастап әңгімелесу кезеңіне дейін бір платформада жүзеге асырылуы. Сонымен қатар, үміткер конкурсқа қажетті құжаттарды толық «Е-қызмет» платформасына ұсынбаған жағдайда, қатысушыға құжаттарды толықтыруға уақыт берілуі, яғни мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа фоматы, үміткерді таңдауда әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ететіндігі қуантты.
Сондай-ақ, мен конкурстың алғашқы кезеңдерін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы департаментінің арнайы тест тапсыруға әзірленген кабинетінде сәтті тапсырдым.
Қазіргі таңда, экология, қоршаған ортаның жағдайы әрбір адамды алаңдататын мәселе. Мен осы экология саласында еңбек шартымен жұмыс жасай отырып, осы салада тәжірибе жинақтап, қоршаған ортаға, экологияға, Астана қаласының экологиялық жаңдайын жақсартуға өз үлесімді қосу үшін – мемлекеттік қызметті таңдадым. Мемлекеттің дамуы, өсіп-өркендеуі тікелей жастарға байланысты. Мен өз жұмысым арқылы мемлекетіміздің гүлденуіне өз үлесімді қоса алатыныма қуаныштымын және еліміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек етемін.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Астана қаласы
бойынша департаменті