26 сәуірде жалпықалалық сенбілік өтеді

Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы аясында осы демалыс күндері, 26 сәуірде жалпықалалық сенбілік өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Сенбілік аясында қала аумағын қоқыстан тазарту, саябақтарды, гүлзарларды, аулаларды, сондай-ақ сауда, қоғамдық тамақтану нысандарына және басқа да ұйымдарға іргелес аумақтарды жинау жоспарланып отыр.
Әкімдік қаланың барлық кәсіпорнын, МИБ (ПИК), шағын және орта бизнес субъектілерін, еріктілер мен белсенді қала тұрғындарын экоакцияға қосылуға және тазалық шарасына қатысуға шақырады.
Ауқымды экоакция аясында 1,4 мыңнан астам жасыл желек отырғызу жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, экоакцияның негізгі мақсаты қала көшелеріндегі тазалықты сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне жұртшылықтың назарын аудару болып саналады.
Қаланың барлық тұрғыны мен ұйымдары көшелер мен аулаларды абаттандыруға үлес қоса алады. Экоакция сағат 10.00-ден басталады.