«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы қала мен ауылды абаттандыру жұмысымен шектелмейді. Оның түпкі мәні – қоғамдық сананы жаңғырту. Сол арқылы азаматтарымызды қастерлі Отанымыз – Қазақстанның тағдырына бей-жай қарамай, болашақтың іргесін бірге қалауға шақыру. Жауапкершілік, әділдік, өзара құрмет бар жерде ғана өсіп-өркендеуге, дамуға жол ашылады. Бұл – өркениетті мемлекеттер мен халықтардың барлығына ортақ ұстаным. Осы құндылықтар жаңа Халық Конституциясына арқау болып отыр» деп түсіндірді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 10 сәуірде ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде. Қазақстан Президенті тазалық ұғымы ұлтымыздың болмыс-бітіміне тән асыл қасиетке, қоғамдық мәні зор құндылыққа айналғанын үнемі айтып жүр. Ал Мемлекет басшысы қадап айтқан қоғамдық сананы жаңғыртудың бір жолы – тазалық мәдениеті болуы үшін, біз ең алдымен, көше тазалаушыларға деген шынайы құрметімізді қалыптастыруға тиіспіз. Осы мәселені тарқатып көрейік.
ЕҢ ҚАДІРЛІ МАМАНДЫҚ БОЛСЫН ДЕСЕК...
Өркениетті елдердің бәрінде көше тазалаушылар – қадірлі мамандық иелері. Өйткені олар азаматтық тұрғыдан да, әлеуметтік жағынан да мемлекет қорғауына алынған. Қоғамдық сана жоғары деңгейге көтерілген елдерде көше сыпырушыларға тазалықшы деп қана қарамайды, өз Отанын шын сүйетін адам ретінде құрметтейді. Адамның жеке басын да, істеген еңбегін де әділ бағалайды. Көптеген дамыған елдерде көше тазалаушылардың әлеуметтік мәртебесі нақты айқындалған. Мәселен, жұмысшыларға лайықты жалақы төленеді, әлеуметтік кепілдіктер беріледі. Осы себептен, көше сыпырушы дегеніміз жоғары бәсекелік қызмет болып саналады.
Сөзімізге дәлел келтіру үшін бірнеше елдердің тәжірибесіне келтірейік. Мысалы, Еуропадағы Германия, Аустрия сияқты елдерде, Скандинавия түбегіндегі Швецияда көше тазалаушылардың жұмысы толықтай автоматтандырылып, стандартталған. Бұл мамандық иелеріне қоғамда орташа әлеуметтік мәртебе берілген. Себебі олардың еңбегі сол қаланың, сол елдің экологиясы мен жайлылығының ең маңызды элементі болып саналады. Сол себептен, көше тазалаушылардың құқықтарын кәсіподақ ұйымдары қорғайды. Олар лайықты еңбекақы алады, медициналық сақтандыру қолжетімді, сондай-ақ өз кәсібі бойынша арнайы білім алуға қақысы бар. Жоғарыда аталған елдерде клининг қызметтері жекеменшік компаниялардың басқаруына берілген, мұндай жағдай көше тазалаушының жұмысын ең тұрақты, қауіпсіз кәсіп деңгейіне көтеріпті.
Германия мен Латвияда көше тазалаушылар жоғары жалақы алады. Мысалы, Риганың тұрғыны көшедегі тәртіп пен тазалыққа жауапты қызметкер ретінде ай сайын 900 еуро табыс табады. Бұл – осы елдегі мектеп мұғалімдері мен университет профессорларының айлығынан едәуір жоғары. Назар аударатын жайттың бірі, бұл қалада тазалыққа жұмсалған сағатты емес, әрбір тазаланған метрлерді есептейді. Яғни, адам көбірек еңбек етсе, соған лайықты жалақысын алады. Әділдік салтанат құрған қоғамның осы тәжірибесі де бізге керек-ақ. Ал көше тазалаушы ең қадірлі мамандық болып саналатын Жапонияда кәсіби шеберлікке ерекше назар аударады. Жапон клинингі жоғары технологиялық және құрылымдалған жүйе болып табылатындықтан, осы кәсіпке өмірін арнайтын әр адам зор құрметке бөленеді. Мысалы, Күншығыс елінде клининг қызметкерінің орташа жалақысы шамамен 11002300 АҚШ доллары көлемінде есептеледі. Ол жақта бұл төменгі табыс табатын қызметкерлер санатына жатқанымен, бізбен салыстырсақ, өте жоғары жалақы. Жапондық көше тазалаушылар сауда орындары мен кеңселерді, мамандандырылған нысандарды тазалайды. Өйткені басқа жерлерді қала тұрғындары, мектеп оқушылары, студенттер өздері тазалайды.
Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар» жылында біз көше тазалаушылардың жалақысын өсіре алмадық. Астана, Алматы сияқты үлкен қалаларда аула сыпырушы ай сайын 200250 мың теңге жалақы алады. Ал қатардағы жұмысшының еңбекақысы – 85150 мың теңге аралығында. Өткен жылы Санкт-Петербург әкімшілігі аула сыпырушылардың жалақысын 30 пайызға өсіріп, әлеуметтік мәртебесін мемлекеттік қызметшілермен теңестірді. Бұл қаладағы көше жұмысшылары ай сайын 100125 мың рубль жалақы алады. Қаржылық жағдайы жақсарған адамның жұмысқа деген ынтаықыласы да арта түсетіні белгілі. Осындай тәжірибені Астанаға да енгізуге болады. Яғни, мамандықтың қадірін арттырамыз десек, әуелі жұмысшының әлеуметтік-қаржылық ахуалын жақсартайық дегім келеді.
ӘЛЕУМЕТТІК КЕПІЛДІК – ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТЕТІГІ
Енді нақты бекітілген әлеуметтік мәртебе туралы мәселеге келсек. Қоғамдағы ең ауыр, азапты жұмысты атқарып, жылдың төрт мезгілінде тынымсыз еңбек етіп жүрген жандардың дене еңбегі туралы көп айтамыз. Олардың әлеуметтік тұрғыдан қолдауға зәрулігі, жеңілдіктерден алшақтығы, кәсіби жағынан өсіп-жетілуіне жәрдемдесудің жоқтығы туралы жақ ашпаймыз.
Менің ойымша, көше тазалаушы беделді, табысты жандардың ғана кәсібіне айналуы үшін нақты кепілдіктер, айқын артықшылықтар берілгені абзал. Өйткені көше тазалаушы болып жұмысқа орналасқан адам өз тірлігімен баспана, жекеменшік көлік сатып алуға, балаларына жоғары білім беру үшін несие алуға мүмкіндігі барына сеніп, өзінің жұмыс орнында тұрақтап қалуы тиіс. Мысалға, тағы дамыған елдердің озық тәжірибесін алайық. Франция мен Испанияда көше тазалаушыларға муниципалдық үйлер беріледі. Францияның Конституциясында бекітілген әлеуметтік баспана алу құқығы әр адам үшін әлеуметтік құқық болып саналады. Ал Испанияда шағын қалаларда әлеуметтік тұрғын үйлер көше жұмысшыларына тегін беріледі. Мінеки, осы үздік тәжірибелерді үлгі етіп, баспана алу мен жеңілдетілген несие алуды тұрғын үй туралы заңға я болмаса Ата заңымызға енгізетін кез келді. Ал «Астана Тазалық» ЖШС басшылығы бұл бағытта өз қызметкерлерін қолдаудың әртүрлі жолдарын қарастырып келеді. Соның бірі – «Отбасы банкімен» бірлескен баспана беру тетігі. Компания жыл сайын 20 жұмысшысына тұрғын үйдің алғашқы жарнасын төлейді. Бұл, әрине, жоқтан жақсы. Алайда әлеуметтік кепілдіктер заңда нақты көрініс табуы керек. Сол кезде ғана білікті жұмысшылар жұмыс орнында тұрақтап, қоғам мүддесіне аянбай еңбек етеді.
Қоғамдық маңызы жоғары мамандық деген ұғымды жиі сөз етеміз. Алайда қарапайым жұмысшыларға әлеуметтік кепілдік беру мәселесін заңдық тұрғыдан шешуге әлі қарекет жасамай отырмыз. Егер әрбір көше тазалаушыға жыл сайын ақысы төленетін еңбек демалысына шығатын кезде еліміздегі танымал шипажайлар мен демалыс орындарын 1 айлық жолдама берсе, бұл да әлеуметтік кепілдіктің нақты бір көрінісі болар еді. Өткен жылы Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков «Еден жуушы, аула сыпырушы, күзетші, вахтер сияқты техникалық мамандықтар бойынша әрбір мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме: осы санаттағы қызметкерлерге жылына бір рет мекеме есебінен шипажайға жолдама беруі; 13-інші жалақы төлеуі; жыл сайын еңбек демалысына шыққанда екі еңбекақы көлемінде қосымша жәрдемақы беруі; тегін оқыту және кәсіби қайта даярлауды қамтамасыз етуі; зейнетке шыққан техникалық мамандық иелеріне құрметті атақтар мен ынталандыру түрлерін енгізуі қажет» деген ұтқыр ұсынысын депутаттық сауалы арқылы жеткізді. Құптарлық ұсыныс! Бір таң қаларлығы, «Ауыл», «Ақ жол», Amanat, Respubliсa, «Қазақстанның халық партиясы» және ЖСДП фракцияларының депутаттары бірдей қолдаған ұсынысты Үкімет елуесіз қалдырды.
«Тек белгілі бір саладағы жұмысшылардың бір санатының ғана жалақысын арттыру басқа қызмет салалары жұмысшыларының наразылығын туғызуға әкеп соқтырады. Салдарынан, олар да өз тарапынан ұқсас талаптар қоя бастайды. Мемлекеттік мекемелер мен қазынашылық кәсіпорындардың жалақысын ары қарай жоғарылату азаматтық қызметкерлердің еңбекақы жүйесін жетілдіру аясында қаралады» деп депутаттық сауалға сырғытпа жауап беріпті Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев.
Шипажайлар мен демалыс орындарына жолдама беруге қатысты ұсынысқа да Үкімет: «Жұмыс беруші өз қаржысынан берсе, бере берсін, қаламаса бермесін, оны өзі шешсін» дей келе нақты жауабын айтты. Бұл мәселеге Президенттің өзі араласып, Үкіметке нақты бір тапсырма бермесе, іс ешқашан шешілмейтініне көз жеткіздік. Өткен жылы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен еліміздегі су саласы қызметкерлерінің жалақысы 50 пайызға дейін өскені осы сөзімізге дәлел.
Дамыған елдердің тәжірибесінде бар тағы бір жаңалық – көше тазалаушыларға жұмыс жағдайларының зияндылығы үшін, түнгі ауысымдағы қолайсыз табиғи жағдайлар үшін, комбинезон киіп жүргені үшін де қосымша үстемақы төленеді. Германия тәрізді елдерде аула сыпырушының оқуын үш жыл оқып, біліктілік емтихандарын сәтті тапсырған жандар ғана көше тазалығын қорғауға ісіне кіріседі. Мұндай жағдайда қайта біліктілікті көтеру, білімін толықтыру, кәсіби тұрғыдан сатылап өсу деген мәселелерге ерекше назар аударылады.
ТАЗАЛЫҚ ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ КЕРЕК
«Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы, дамуға ұмтылған кез келген елдің мызғымас ұстанымы. Ақ пейілмен, түзу ниетпен қолға алған әрбір іс берекелі болады» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал дамуға ұмтылған шақта бізге ең алдымен «Тазалық туралы» жаңа заң қабылдау қажет. Ол заңға Жапония, Қытай, Корея, Сингапур, Үндістан, Канада, Германия, Латвия сияқты дамыған елдердің озық тәжірибесін үлгі етіп алуға болады. Бұрын Астанада көшеде, қоғамдық орында түкіріп-қақырған адамға жаза болмайтын. Қазір Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 4342-бабы бойынша 39 320 теңге, іс-әрекет қайталанған жағдайға 78 640 теңге айыппұл салынады. 2024 жылдың 5 айында еліміз бойынша 61 мың адам жазаланған. Әйтсе де тұрғындар түкіруі мен қақыруын қояр емес. Бұған тосқауыл қою үшін не істеуіміз керек? Әлемдік тәжірибеге үңілсек, жағымсыз әдеттен тез арылуға үйреткен тәсіл көп. Соның бірі – Үндістанның тәжірибесі. 2020 жылы ел үкіметі көшеде түкіргендерге 500 рупий (3 мың теңге) көлемінде айыппұл салатын заң шығарды. Ал Үндістанда індет кеңінен таралғанда бұл жазаны күшейтіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыратын болды. Қырғыз елінде насыбай атып, жерге түкірген адамға 5500 сом көлемінде айыппұл салады. Біздің ақшамен есептесек – 30 мың теңге! Әлемдік тәжірибеде түкірік пен қақырыққа қатаң жаза қолданатын елдер көп. Лондонда байқаусызда көшеде түкіріп қойсаң, 100 фунт стерлинг (55 мың теңге) айыппұлыңды шытырлатып санап бересің. Ал өркениеттің ордасы атанған Сингапурға барсаң, аузыңа да, қолыңа да ерекше абай болуың керек. Өйткені сенің түкірігің я болмаса тастаған сағызың не өзге қоқысың үшін 1000 долларыңды қаланың қазынасына бересің. Несі бар, мұндай жазаға біздің түкіргіштер ойланып қалуы мүмкін. Меніңше, көшеде түкірген, қақырған немесе сіңбірген адамдарды ұстап алған полицейлер сол жерлерді жуғызуды заңға баттитып жазып қойса, мәселе өздігінен жедел шешілетін еді-ау. Әлбетте, бұл – өз ұсынысым.
Санитарлық тазалық, экологиялық мәдениетті орнықтыру, экологиялық білім беру, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту сияқты өзекті мәселелер де жаңа заңда көрініс табуы тиіс.
Назар салатын тағы бір нәрсе, аула сыпырушылар, кеңселер мен бөлмелерді тазалаушылар еліміздегі ең көп сұраныс жасалған мамандықтардың қатарына кіріп отыр. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының дерегіне сүйенсек, 2026 жылы ең көп сұраныс болған 10 мамандықтың ішінде үш санат тазалық қызметкерлеріне тиесілі. Атап айтсақ, биыл еңбек нарығына 50,8 мың аула және көше сыпырушылар, 20 мың кеңсе тазалаушылар, 19 мың бөлме тазалаушылар қажет екен. Еліміздегі кәсіпорындар мен ұйымдарға қажетті 1,2 млн адамның ішінде көше тазалаушыларға осыншама сұраныстың артуы қоғамдық санамыздың жаңғыруының бір мысалы десек те қателеспейміз.