Араласпасаң ағайын да алыстайды

Араласпасаң ағайын да алыстайды

...Кейде түс көресің. Туған ауылың, құтты мекенің менмұндалап қолын бұлғап тұрғандай болады. Ұйқыңнан ояна сала оңашаланып ойға шомасың, ауылыңды, сонда тұратын бауырыңды сағынасың.

Қаланың күнделікті күйбең тірлігі, қапылысы, таңның атқаны мен кештің батқаны, бағытың біреу: жұмыс пен үйдің ортасы, жүресің де қоя­сың... Ағайынды аңсайсың, сағынасың, қонаққа барғың келеді. Жақында ауылдан келген ағамыз сағынышымызды басқандай болғанымен, оның айтқан әңгімесі қалың ойдың құшағына «қыстырып» кетті.

«Бұрынғыдай ауылда қазір қарттар қалмады. Қарттыққа өзіміз аяқ басып барамыз. Алайда ағайын қазір араласудан қалды. Кішісі үлкенін іздемейтін болды. Қаланы айтасың, ауылдың өзіндегі жағдай солай. Көрісуге кісі келмейтін күйге түстік. Қыстың кезінде көрші-көлем соғымға шақыратын. Қазір бұл үрдістердің де тіні үзілді. Ешкімнің шаруа­сы жоқ. Әркімнің өз алдына күйттеген бір ісі бар» дейді әлгі ағам әңгіме арасында...

Сөзінің жаны бар секілді. «Ағайыннан алыстап бара жатқан жоқпыз ба?» деген сауал санаға сынадай қағылды. Содан арылмақ ниетте бір кездескенде жазушы Айгүл Кемелбаеваға сауал ­тастағанмын.

– Ағайын неліктен жатбауыр болып бара жатыр? Қазақ үшін мызғымайтын ұлттық негіздің құт-берекесі, асыл ордасы ауыл болатын. Ауыл тұтас ұлтты бауырмал, ертеңін ойлай бермес бейқам, кеңпейіл қылып өсірген. Оның оң және теріс жағы бар. Қазіргі техногендік заман әсіресе бейқамдықты қабылдамайды. XXI ғасырда урбандалу, жаппай қалаға көшу күшейді. Мұның да халыққа пайдасынан зияны көп болды. Дала – кеңдік, қала – тарлық, мұнда бәрі өлшеулі, қыл аяғы уақытқа де­йін. Сондықтан күнкөріске байланған, жұпыны тұрмысы бар жандар бұрынғыдай дархан бола алмайды. Оның үстіне азулы, қоғамдық формацияларды бастан кешкен көптеген халықтар сияқты тым прагматик болуға, санасуға, сараңдануға біздің қазақ әлі де мәжбүр емес, әрі мәжбүр болмай-ақ қойсын. Ағайын-туыс бір-біріне немкетті қарауының бір себебі заман ағысы бай мен кедейдің арасын тым бөліп тастауынан шығар. Байлар кедей санайтын өз жақындарын менсінбейді. Меніңше, бұл да адасу әрі әншейін сылтау ғана. Генетика, тұқым қуалау осал болмайды. Аға­йынмен суысу тектілікпен қабыспайды. Ендеше, біз бәрібір ағайынға тілектес қазақпыз, жақын адамдарға болсын деп тұрамыз. Өз өлтірмейді, жат жарылқамайды. Мұны да айтқан қазақ. Қалай десек те, жақыннан сууға болмайды. Араласқанға жететіні жоқ қой! – деді жазушы ­апайым.

Шын мәнінде, кемшілікті кісіден емес, өзімнен іздеп көруге тырыстым. Жарықтық Қадыр Мырза Әлі ақынның «Қазақ осы» дейтін әйгілі өлеңі көңіліме тұрақтап алды. Қазақтың кеңдігін, қонақжайлылығын, өзі аш отырса да, қонаққа төр ұсына алатын дархандығын қалай жеткізген?! Десе де арам ойым алыстан қылаң берді. Осы өлең қазір құндылығын жойып алған жоқ па?

– Қадыр Мырза Әлінің «Қазақ осысынан» қадір кетіп тұр деуден аулақпын қазір. Қазақ – қанша бодан болса да, бо­йындағысы мен болмысындағы асылды жоғалт­паған текті халық. Қазіргі жаһандануға руханиятымыз жұтылып жатыр деу де әбес­тік. Тек сол бабадан балаға мирас болып келе жатқан салтты да, дәстүрді де, рухты да, руханият­ты да қазір қайта жаңғырту кезеңінде жүрміз. Ұлттық аспабың бар ма? Бар. Ұлттық спортың бар ма? Бар. Ұлттық қолөнерің бар ма? Бар. Тілің бар ма? Бар. Салтың бар ма? Сақталған. Дәстүрің бар ма? Қатталған. Жыр-дастаның бар ма? Жатталған. Ақтаңдақтарың бар ма? Ақталған. Тарихың бар ма? Хатталған. Сондықтан «сор­лап қалдыққа», сарыуа­йымға салынғанша, сол бар, бай салтты соны санада қайта жаңғыруға жан салған жөн шығар. Ұлтжандылықты ұранмен емес, ұрпағымыздың күнделікті тәрбиесімен, ұл мен қыздың санасында ұлықтаудан бастасақ жетіп жатыр. Барымызды музейдің мұрасы мен жәдігері ретінде дәріптемей, күнделікті тірлікте жаңғыртсақ, «Қазақ осының» халық­аралық аренаға «Бізден мынадай бар, мынадай бардың» көкесі бар. Өз басым қазақылық жоғалып барадыға сенбеймін, – дейді белгілі тележурналист Айбек Қобдабай бауырым.

Бұған да бас шұлғымасыңа лаж жоқ. Себебі өзіңдегіні өзгеден іздеудің қажеті шамалы сияқты. Барыңды бағалағанға жететіні жоқ. Ағайын арасы суымас үшін кіші болып мен не тындырдым, қандай қадам жасадым? Мәселе осында болып тұр-ау...

Кеште жұмыстан келген соң тамақтанып алып жатуға ыңғайланғаным сол еді, көрші үйден күбір естілді. Азан-қазан болып жатыр. Балалар шулайтын секілді. Қуаныштың күлкісі естілгендей. Сағат түнгі 23:55-ке таяп қалған. Шулаған дауыс жүйкеме тисе де, көршілерге барып «тынышталыңдар» дей алмадым. Себебі үйіне қонақ немесе аға­йын-туысы келген шығар, мәре-сәре болып жатқандардың көңіл күйін түсіргім ­келмеді...