Адам баласының қай ұлттан екенін танытатын бірден-бір дүние – ұлттық киімі. Өз орнын тапқан ою-өрнекті қазақы киімдерді тілге тиек етсек, тақиясынан бастап, шапаны, қамзолы, саптама етігі, түлкі тымағы, қасқыр ішігі, жадағайы – бәрі-бәрі қазақтың болмысын аша түседі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек» деген еді. Осы сөз сеп болды ма, ұлттық нақыштағы қазақы киімдерге деген құлшыныс күн сайын артып келеді. Жақында ауылдан үлкен шешей келді. Астанаға аңтарыла қараған әжейдің көзі қазақы киім киген адамдарға түскен болуы керек: «Балам, елордамыз өз құндылықтарын жақсы насихаттайды екен. Қазақы киімдері сапалы сыңайлы. Ерекше көрінеді» деді де, үстіндегі көнетоз шапанына қарап: «Біздің киіп жүргеніміз Қытайдан келген ғой. Базарға барсаң қырғыздардың да тіккен киімдері көптеп кездеседі» деп сөз өрбіткені бар.
Шешейдің сөзі ойлантып тастады. Шын мәнінде, қазақы киімді «Қытай мен қырғыз тіге ме?» деген сауал санада тұрып алды. Ертесіне орталық базарға бардым. Ұлттық киімдердің бағасын білдім. 7-8 мыңнан басталатын Қырғызстаннан келген киімдер көп екен.
– Елімізде өзге ұлт өкілдерінен келіп жатқан киімдер көп. Әсіресе базарда арзандау бағада сатылып жатады. Бұл халыққа қолжетімді болған соң ыңғайлы шығар. Бірақ әр киімнің өзінің ұлтына деген сәні, салты мен дәстүрі бар. Қазақи киімдегі оюлардың мән-мағынасын көбі түсіне бермейді. Содан болса керек, өзге ұлт өкілдері көшірме жасап, сәнді етіп сата береді. Ал мұның материалына келсек, қазақтар материалды жақсы пайдалана білген. Күзгі немесе қысқы киімдердің оюында бөлек мақсаты бар. Адам денесіне жылы әрі ауа өтіп тұру үшін теріден немесе жақсы пүліштен жасалған киімдерді аламыз. Қазіргі сатылымдағы сырттан келіп жатқан киімдердің көбінде синтетика басым. Оның адам денсаулығына пайдасы аз. Сондықтан өзіміздің қазіргі сән үйлеріндегі тігілген ұлттық нақыштағы киімдерді алғанымыз жөн, – дейді Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Гүлмира Айдарбекқызы.
– Бізде ұлттық нақыштағы киімдерді тігу үрдісі жақсы қалыптасып келеді. Бұған Президентіміздің бір ауыз сөзі сеп болды деп ойлаймын. Бұрын тойларда немесе мереке күндері кисе, қазір ұлттық киімдерді киюге құлшыныс артып келеді. Астана қаласында шағын киім тігу шеберханамыз бар. Он шақты адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Ал базардағы ұлттық киімдер бағасына келсек, олар Қытайдан, Қырғызстаннан немесе Түркиядан алып келіп сатады. Бұлар – көшірме дүниелер. Ал біздегі киімдер – авторлық киімдер. Бір киімге он екі адамның қолы тиеді. Сондықтан киімдеріміздің бағасы жоғары болып келеді. Міне, базармен саластырғанда біздің киімдер әлдеқайда қымбатырақ болады, – деді дизайнер Қазипа Мұхамбетқалиева.
Дизайнер ханым шикізатты, өкінішке қарай, Қытайдан, Түркиядан алып отырғанын айтты. Сондай-ақ қазақтың ұлттық киімдеріне шетелдіктердің де қызығушылығы арта түскен. Дизайнердің айтуынша, 52 мемлекеттің тұрғындары қазақтың ұлттық киімдерін киіп жүр екен.
– Бастысы, ұлттық бояуды, қазақы нақышты жоғалтып алмауға тырысамыз. Ою-өрнекті жапсыра сала бермейміз, оның да өз реті бар. Қазір жүзге жуық киімнің дизайны, мыңға жуық өрнек түрі бар. Демек, киім дайындау үшін барлығына аса мұқият кірісеміз. Киім тігерде жақсы оймен, жақсы тілекпен бастаймыз. «Ақ жол» деп аталатын шапанымызды ұлттық киім киген адамның жолы ақ болсын, ал «Береке» деп аталатын шапанымызды сол отбасы берекелі болсын, шаңырағы шайқалмасын деген ырыммен жасап отырмыз. Жалпы сұраныс жаман емес, ерлі-зайыптылардың киюіне арналған жұп шапандарымыз да сұранысқа ие болып тұр. Міне, осындай дүниелерді көргендіктен, шетелдіктердің де қызығушылығы арта түседі, – дейді Қазипа Мұхамбетқалиева.
«Сұлуынан жылуы» деген аталы сөзге сүйенсек, қалай болған күнде де, өз киімімізді киіп жүргенге жететіні жоқ! Қырғыз ағайынның басынан ақ қалпағын тастамайтыны секілді, ұлттық киімдерді Ұлыстың ұлы күні ғана емес, тұрақты түрде киіп жүрсек, біреу бізге «қойыңдар» демейтін шығар...