23 маусым – Мемлекеттік қызметкерлер күніне орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ербол ЖОЛДАНҒАРМЕН сұхбаттастық.
– Ербол Қабдығалиұлы, халыққа ұсынылатын мемлекеттік қызмет түрлерін алуға қатысты жүйелі мәселелер қалай шешіліп жатыр?
– Мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мен халықтың бұл қызметтерді алу кезіндегі басты қиындықтарын шешу – біздің департамент үшін күнделікті маңызды жұмыс. Бұл мәселені шешуде біз ең алдымен бюрократия мен қағазбастылықты азайту қағидасын басшылыққа аламыз. Қазіргі таңда халықтың басты наразылығы – бір құжатты алу үшін бірнеше мекеменің есігін қағу немесе электронды жүйелердің кейде іркіліспен жұмыс істеуі. Осы жүйелі мәселелерді шешу үшін біз мемлекеттік органдардың ақпарат жүйелерін өзара толық интеграциялау және қызметтерді автоматтандыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл азаматтардан артық құжаттар мен анықтамаларды талап етпей, барлық деректі базадан автоматты түрде алуға мүмкіндік береді. Біз үшін халықтың барлық тобына бірдей қолайлы жағдай жасау маңызды. Қазір қызметтердің көбі электронды форматқа көшкенімен, интернетке қолжетімсіз немесе смартфонды жиі қолданбайтын азаматтар үшін де мемлекеттік қызметтер қолжетімді болуы тиіс. Осы ретте біз қызмет көрсету үдерісін жеңілдетіп, азаматтардың өзі бармай-ақ, қызметті автоматты түрде ала алатындай жүйені дамытуға күш салып жатырмыз. Мақсатымыз – мемлекеттік қызмет алу процесін барынша қарапайым, тез және ашық ету. Егер халық тарапынан қандай да бір қызмет түріне шағым жиі түссе, біз оны бірден жүйелі мәселе ретінде қарастырып, мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, кемшіліктерді жоюмен айналысамыз.
– Енді мемлекеттік органдардың қызметіне мониторинг жасау жайында айта кетсеңіз.
– Мемлекеттік органдардың жұмысына мониторинг жасау – бұл біздің департаменттің ең негізгі міндеттерінің бірі. Мұндағы басты мақсат – кімді де болсын жазалау емес, мемлекеттік қызмет көрсету үдерісіндегі кемшіліктерді алдын ала анықтап, халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру. Біз бұл жұмысты тұрақты түрде жүргіземіз және ең алдымен азаматтардың құқығының бұзылмауына, оларға көрсетілетін қызметтердің заңда белгіленген мерзімде әрі сапалы берілуіне баса назар аударамыз. Мысалы, мемлекеттік органдар тарапынан қызмет көрсету мерзімін негізсіз созу, азаматтардан заңда көрсетілмеген артық құжаттарды талап ету немесе қызмет көрсетуден дәлелсіз бас тарту сияқты фактілердің жолын кесеміз. Бұл ретте бақылау жұмысы тек қағаз жүзінде немесе есептерді тексерумен шектелмейді. Біз халықтың нақты пікіріне, әлеуметтік желілердегі шағымдарға және бізге тікелей келіп түсетін арыздарға сүйене отырып мониторинг жүргіземіз. Қай мекемеде кедергілер көп, қай жерде халықтың наразылығы жиі туындайды – біз соған сәйкес талдау жасап, бақылауды күшейтеміз.
– Осы орайда халықтың мемлекеттік қызметті алуын жеңілдету бойынша қандай ұсыныстар бар?
– Департаменттің атынан бұл салада бірнеше ұсыныс бар, солардың біріне тоқтала кетсек, мысалы: жүктілік пен босануға не бала асырап алуға байланысты декрет төлемін тағайындау. Мақсатымыз – жұмысты электронды жүйеге көшіру және оның техникалық мүмкіндіктері. Қазіргі таңда бұл жәрдемақыны алу үшін азаматша ХҚКО-ға өтініш, жеке куәлік және ең бастысы емханадан берілетін уақытша еңбекке жарамсыздық парағын өткізуі керек. Қазір бұл мемлекеттік қызметті қағазбен де, электронды түрде де алуға болады, екеуі де заңды. Бірақ мынадай бір кедергі бар: болашақ аналар электронды уақытша еңбекке жарамсыздық парағын көрсеткен кезде, оның сыртқы бетінде жұмыс берушінің қолы мен мөрі болмай шығады. Ал заң бойынша ол жерде демалыс кезінде ақшасы төленетін нақты жұмыс күндері жазылуы тиіс. Ол мөр болмаған соң, жәрдемақы тағайындайтын мамандар бәрін өздері қайтадан сұратып, тексеріп, уақыт жоғалтуға мәжбүр болады. Бұл жердегі біздің ұсынысымыз – декреттік ақшаны есептеу мерзімі созылып кетпеуі үшін шаруаны жеңілдету. Егер азаматша жұмыс орнынан мөр басылмаған электронды уақытша еңбекке жарамсыздық парағын әкелсе, жұмыс берушінің телефонына бірден SMS-хабарлама жіберілуі керек. Жұмыс беруші сол SMS-ке жауап беру арқылы жұмыс күндерін телефонмен-ақ растай салса, жұмыс әлдеқайда тез бітер еді.