Астана қаласы Есіл ауданының «Есіл толқындары» халық ансамблі Қосшы қаласында концерт өткізді. Бұл өнер сапарының жолы бөлек. Себебі биыл Қосшы қаласының құрылғанына 5 жыл толды.
Айтулы іс-шараға «Есіл толқындары» арнайы бағдарлама дайындапты. Ансамбль классикалық шығармаларды орындауда, әсіресе опералардан сахна қойылымын жасаудағы шеберлігімен көрермендерді тәнті етті. М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясына арналған қойылым қосшылық ағайынның көңілінен шықты. Айталық, бір ғана «Көтібар» образы бір спектакльдің жүгін көтереді. Сол жауапкершілікті ардагерлер сахна төріне тамаша алып шықты. Қойылымды қойған ансамбльдің режиссері, мәдениет және өнер саласының үздігі, қатардағы зейнеткер Қарлығаш Құспанованың еңбекқорлығын ерекше айтуға болады. Сондайақ басқа кейіпкерлер де өздеріне бекітілген кейіпкерлердің бейнесін мінсіз орындап шықты.
Шығарма музыкалық комедия болғандықтан, ән мен хор қатар өрбіп отырды. Ансамбль мүшелері диапазоны жоғары күрделі ария мен хорларды орындағанда, еріксіз таңдай қағасың. Концерттің екінші бөлімі жеке орындаушылардың әнімен жалғасын тапты. Қорыта айтқанда, «Есіл толқындары» халық ансамблі шеберлігі толысқан, талғамы жоғары, репертуары бай және халқымыздың інжу-маржаны саналатын халық әндеріне негізделген көркемдігі басым өнер ұжымы екенін тағы бір дәлелдеді. Соңында Қосшы қаласы әкімдігі атынан ардагерлерге алғыс хат табысталып, гүл шоқтары ұсынылды.
Салтанат МЕҢЛІБАЕВА,
Астана қалалық Ардагерлер
кеңесінің жауапты хатшысы