Ескі үй. Қаңырап бос қалған соң, ескіреді де... Қазір онда ескі мұң ғана паналап қалған. Сол ескі мұң жүрегіңді шабақтап өтеді. Сол ескі естелік әлденені ұмыт қалдырғаныңды еске салады. Көп әулеттің тағдыр-тарихында бар оқиға. Ұқсайды. Қатты ұқсас. Ауылдағы қара шаңырақты іздейтіндер қалды ма өзі? Іздегенде енді кеш емес пе, деген ой талай мәрте тежеп қалған жоқ па, тас қалаға матап. Ал бардың, іздедің, таптың? Қазір онда не қалды? Иесіз үйдегі иесіз естеліктер жандүниеңді мұңға бөлемей ме?
Алматы Жастар театрының Астанаға гастрольдік сапарында сахналап әкелген «Қара шаңырақ» спектаклін көріп отырып, еріксіз осындай ойға берілесің. Жазушы Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Ескі үймен қоштасу» пьесасының желісімен қойылған туынды. Режиссері Фархад Молдағали. Фархадтың драма қоюдағы шебер шешімдеріне көрермен жиі куә болып жүр ғой. Біз де талантты режиссердің қолтаңбасын ә дегеннен таныдық. Айтпақ болған ойын аңғардық. Ой түйдік. Ауыр күрсініп, үйге қайттық.
Спектакль кейіпкерлері де бұзылғалы тұрған ескі үймен және туған шаңырақпен қоштасуға мәжбүр. Мәжбүрлік пе, таңдау ма, тағдырдың жазу ма, дейсіз еріксіз, ауылда қалған қара шаңырақты ойлап. Олар да әрқайсысы өзінің жеке дара жолын таңдады. Көңілдерінде, ойында өз өмірінің сызбасы тұр.
Рас Доскел үшін бұл үй — жай ғана қабырға емес еді. Бірақ енді ескі үй енді оның өмірбаяны, балалық шағы мен ең қымбат естеліктері қалатын ескі мекенге айналған. Сол ескі естеліктердің арасында кеше бір көрпенің астында құшақтары айқасып жатқан бауырлардың бір-біріне деген өкпе-реніштері де датыр. Айтылмай қалған уәж сыздап тұрған жараға айналған. Сағыныш та жоқ емес. Ескі үй соны қайта қозғайды.
Отбасылық құндылықтарды қайта еске түсіріп, туған жер мен қара шаңырақтың қадірі туралы ойға жетелеген қойылымның идея авторы Динара Кемелхан. Көңіл көгінде «Қара шаңырақ» әні боздап тұрып алғандай алаң күй. Айтары көп қойылым.
Бағдагүл Рахметқызы,
журналист