Балалар жейтін тіскебасарды қалай таңдаған жөн?

Балалар жейтін тіскебасарды қалай таңдаған жөн?
фото: Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті

Дүкен сөрелеріндегі түрлі түсті қаптамалар, ерекше дәмдер мен тартымды жарнамалар балалардың назарын бірден аударады. Чипсы, кептірілген нан, тәтті таяқшалар, печенье мен батончиктер күнделікті тіскебасарға айналып барады. Алайда бала ұнатқан өнімді сатып аларда оның сыртқы көрінісіне ғана емес, құрамына да мән берген жөн. Қаптамадағы ақпаратты оқу — саналы таңдау жасаудың алғашқы қадамы. Бұл туралы Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев ұсынымдар берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Оның айтуынша, тіскебасарлардың құрамы өнімнің түріне және өндірушіге байланысты ерекшеленеді. Олардың негізін картоп, жүгері, бидай ұны немесе өзге де дәнді дақылдар құрауы мүмкін. Сонымен бірге өсімдік майы, тұз, қант, дәмдеуіштер мен тағамдық қоспалар қосылады. Сондықтан барлық тіскебасарға бірдей баға беру дұрыс емес: әр өнімнің құрамын, тағамдық құндылығын және баланың оны қаншалықты жиі тұтынатынын ескеру қажет.

Тұз, қант және май мөлшері неліктен маңызды?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дұрыс тамақтануда тұзды, бос қанттарды, қаныққан және трансмайларды шектеуге мән береді. Тұзды шамадан тыс тұтыну қан қысымының жоғарылауына ықпал етеді. Қантты тағамдар мен сусындарды жиі тұтыну тісжегінің пайда болу қаупін арттырады, ал тағамнан түсетін энергияның қажеттіліктен артық болуы дене салмағының өсуіне әкелуі мүмкін. Осы себепті тәтті немесе тұзды тіскебасарлардың баланың күнделікті ас мәзірінде басым болуына жол бермеу маңызды.  Өнімді бағалағанда қаптаманың көлеміне де назар аударған жөн. Тағамдық құндылық көбіне 100 грамға есептеліп көрсетіледі, ал бала бір қаптаманы толық жеуі мүмкін. Демек, нақты тұтынған мөлшерді ескеріп, ұқсас өнімдердің көрсеткіштерін бірдей салмақ бойынша салыстырған дұрыс.

Тағамдық қоспалардың барлығы қауіпті ме?

Құрамындағы ұзақ атаулар немесе «Е» индексі ата-аналарды алаңдатуы мүмкін. Дегенмен мұндай белгінің болуы өнімнің міндетті түрде зиянды екенін білдірмейді. Тағамдық қоспалар өнімнің сақталуын қамтамасыз ету, түсін, дәмін немесе құрылымын өзгерту үшін қолданылады. Оларды пайдалануға рұқсат берер алдында қауіпсіздігі бағаланып, қолдану шарттары мен мөлшері белгіленеді. Сондықтан өнімді бір ғана қоспасына қарап бағалау жеткіліксіз.  Балада тағамдық аллергия болса, құрамды мұқият тексеру ерекше маңызды. Сүт, жұмыртқа, соя, жержаңғақ немесе басқа да аллергендер бар-жоғын, сондай-ақ олардың іздері болуы мүмкін деген ескертулерді назардан тыс қалдырмаған жөн.

Қаптамадан қандай ақпарат іздеу керек?

Сатып алар алдында өнімнің атауын, құрамын, өндірілген күнін, жарамдылық мерзімін, сақтау шарттарын және өндіруші туралы мәліметті оқыңыз. Тағамдық құндылық көрсеткіштеріне де көңіл бөліңіз. Қазақстанда қапталған тағам өнімдерінің таңбалауында тұтынушыға қажетті негізгі ақпарат берілуі тиіс. Ол түсінікті, оқуға қолайлы және сатып алушыны жаңылыстырмайтын болуы қажет. 
«Балаларға арналған», «дәрумендермен байытылған» деген жазулар өнімнің бүкіл құрамын бағалаудың орнын алмастырмайды. Қаптаманың бүтіндігі мен дүкендегі сақтау жағдайын да тексеру қажет.

-Баланың тіскебасарына жеміс-жидек, көкөніс, қант қосылмаған табиғи йогурт немесе тұтас дәнді өнімдер секілді нұсқаларды енгізуге болады. Таңдау кезінде баланың жасын, жеке ерекшеліктерін және тағамды қауіпсіз шайнап-жұту мүмкіндігін ескерген дұрыс. Әртүрлі әрі теңгерімді тамақтану — дұрыс ас мәзірінің негізі.  Дұрыс тамақтану дағдысы отбасында қалыптасады. Баламен бірге өнімнің құрамын оқу, жарнамадағы уәдені қаптамадағы мәліметпен салыстыру және пайдалы тіскебасарды бірге таңдау оның тағамға саналы көзқарасын дамытады. Ата-ананың күнделікті таңдауы баланың ертеңгі әдетіне айналатынын ұмытпаған жөн, - дейді сала маман.