Қазақстан тек тұтынатын емес, өндіретін ел болуы керек

Қазақстан тек тұтынатын емес, өндіретін ел болуы керек
фото: жеке мұрағатынан

Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған экономикалық міндеттерге осы тұрғыдан қараймын. Инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу, отандық кәсіпорындарды қолдау - бұлардың бәрі түптеп келгенде ел ішіндегі нақты өзгерістерге әкелуі керек.

Мен үшін экономиканың дамуы тек инвестиция көлемімен өлшенбейді. Оның нәтижесі күнделікті өмірден көрінуі тиіс: жаңа жұмыс орындары, сұранысқа ие мамандықтар, сапалы отандық өнім және тұрақты табыс.

Мысалы, елімізде өндіруге мүмкіндік бар тауарды неге міндетті түрде шетелден алуымыз керек? Неге ірі жобаларды іске асырғанда қазақстандық кәсіпорындардың әлеуетін барынша пайдаланбасқа? Әрине, бұл үшін өнімнің сапасы мен бағасы бәсекеге сай болуы қажет. Ал оған қол жеткізу үшін бизнеске ұзақ мерзімді жоспар құруға мүмкіндік беретін түсінікті әрі тұрақты жағдай керек.

Жолдаудағы экономикалық басымдықтарды жүзеге асыруда осы мәселелерге ерекше мән берген жөн деп есептеймін. Инвестиция елге келіп қана қоймай, ұлттық экономиканың мүмкіндігін кеңейтуі керек.

Біздің міндет - дайын өнімді сатып алатын нарық болып қалмай, өз өнімін шығаратын, өңдейтін және оны бәсекеге қабілетті деңгейге жеткізетін экономика қалыптастыру.

Олжас Құспеков, 

Құрылтай депутаты