Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауында ел дамуының жаңа кезеңіндегі басымдықтарды айқындады. Оның негізгі мәні - егемендігімізді нығайту, экономикалық әлеуетімізді халықтың әл-ауқатына айналдыру және келер ұрпаққа қуатты мемлекетті дамыту.
Президент өз сөзінде Құрылтай депутаттарына зор сенім білдіріп, Жолдауда жүктелген міндеттерді іске асырудағы олардың жауапкершілігін атап өтті.
Бұл міндеттер Құрылтайға айрықша жауапкершілік жүктейді. Саяси жаңғырудың нәтижесі заңдардың сапасынан, мемлекеттік институттардың тиімділігінен және азаматтардың қорғалу деңгейінен көрінуге тиіс.
Мемлекет басшысы атап өткендей, болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс осы тұрғыдан ерекше маңызды. Меншік құқығының сенімді қорғалуы, шарттық міндеттемелердің орындалуы, кәсіпкер мен инвестор үшін құқықтық тұрақтылық - экономиканың ұзақ мерзімді дамуының негізі. Цифрлық экономика қалыптасып жатқан кезеңде заңнама жаңа қоғамдық қатынастарға жауап беріп, азаматтарға тың мүмкіндіктер ашуы қажет.
Құрылтайдың алдында Үкіметпен, заңгерлермен, ғылыми және кәсіпкерлік қауымдастықпен бірлесіп, осы құжатты жан-жақты пысықтау міндеті тұр. Әрбір норма құқық қолдану тәжірибесімен және азаматтардың күнделікті қажеттілігімен сабақтас болуы керек.
Жолдауда жарияланған «Халықтық құрылыс» бастамасының да қоғамдық маңызы зор. Мектеп, аурухана, жол, таза ауыз су және инженерлік желілер - әр отбасының тұрмыс сапасын айқындайтын нақты игіліктер. Бұл жобалар өңірлер арасындағы мүмкіндік алшақтығын азайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға қызмет етуге тиіс.
Мұндай ауқымды бастамалардың заңнамалық қамтамасыз етілуі мен парламенттік бақылаудың пәрменділігін аса маңызды деп санаймын. Бөлінген қаражаттың әр теңгесі ел игілігіне жұмсалып, әр нысан сапалы әрі уақытында пайдалануға берілуі қажет. Халықтың сенімі осындай нақты нәтижелер арқылы нығаяды.
Кәсіпкерлікті қорғау, негізсіз әкімшілік кедергілерді жою, салық нормаларының түсініктілігі мен әділдігін қамтамасыз ету де заң шығару жұмысының басым бағыты болуға тиіс. Азамат адал еңбегінің қорғалатынына, кәсіпкер өз бастамасын жүзеге асыра алатынына сенімді болуы керек.
Президент білдірген сенім мен Жолдауда жүктелген міндеттер бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл сенімді ақтау үшін халықтың мәселелерін шешуге және тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты жұмыс атқаруымыз қажет. Әділетті Қазақстанды құру жолындағы жұмысымыздың басты өлшемі де осы болуға тиіс.
Нұрлан Бекназаров,
Құрылтай депутаты