Мыңдаған тағдырды өзгерткен бес жыл

Мыңдаған тағдырды өзгерткен бес жыл

Бала – өміріміздің мәні, болашағымыздың айнасы. Алайда, сол болашақтың қандай болатыны бүгінгі ата-ананың балаға берген тәрбиесіне, оған төккен мейіріміне тікелей байланысты. Жаһандану дәуірінде ұлттық отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, «саналы ата-ана» мәдениетін қалыптастыру жолында бес жыл бойы тынымсыз еңбек етіп келе жатқан бірегей қозғалыс бар. Ол – «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі.

Осыдан тура бес жыл бұрын, 2021 жылдың 28 шілдесінде қоғам белсендісі, белгілі кәсіпкер және меценат Нұркен Асановтың бастамасымен құрылған бұл бірлестік бүгінде шағын идеядан бүкіл елді қамтыған ірі ұлттық қозғалысқа айналды. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 150 мыңнан астам ата-ананы және 240-тан астам кәсіби сарапшыны біріктірген ұйым осынау уақыт ішінде мыңдаған отбасының жүрегіне жол тауып, жүздеген шаңыраққа шуақ сыйлады.

Басында жеке бастама ретінде бастау алып, ал бүгінде мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпірге айналып үлгерген, «отбасы» деген маңызды миссияны ту етіп, бес жыл бойы ел игілігі үшін тынымсыз еңбек етіп келе жатқан, талай санаға сілкініс әкелген бірегей бірлестіктің негізін қалаушы Нұркен Асановтың: «Салют – бұл бір сәттік жарқыл ғана. Ал жұлдыз – ол мәңгі. «Сенімен Болашақ» уақытша жоба емес, ол – отбасыларға, балаларға және қоғамға күн сайын жарық шашатын жұлдыз», – деген қанатты сөзі осы бес жылдық тарихтың негізгі темірқазығы іспеттес.

Алғашқы қадамнан ұлттық ауқымға дейін

Бірлестіктің құрылу кезеңі қоғамдағы отбасылық құндылықтардың құлдырауына, ажырасу көрсеткішінің артуына және жасөспірімдер арасындағы психологиялық дағдарыстарға тосқауыл қою мақсатынан басталды. Алғашқы кезеңде Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда бастамашыл топтар жасақталып, ата-аналардың психологиялық-педагогикалық сауаттылығын арттырудың стратегиялық жоспары бекітілді. Білім беру мекемелерімен меморандумдар жасалып, жүйелі жұмыстың негізі қаланды.

Көп ұзамай бұл қозғалыс еліміздің барлық 16 өңірінде өз филиалдарын ашып, жергілікті жерлердегі жұмысты жандандырды. Осылайша, «Ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі» және «Әжелер мектебі» сияқты ұлттық тәрбие институттары жаңа заманауи мазмұнда қайта жаңғыртылды. Бұл тек жиындар өткізу емес, ата-ана болудың ғылыми негіздерін зерттейтін сарапшылар тобының құрылуына ұласты.

Бірлестік қызметінің үшінші жылында сол кездегі төраға Жансая Бердімұратқызының жетекшілігімен «Заманауи қазақстандық ата-ана» тақырыбында бұрын-соңды болмаған ауқымды әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Сауалнамаға 32 мыңнан астам ата-ана мен 24 мыңнан астам жасөспірім қатысып, қазіргі қоғамның шынайы отбасылық бейнесі мен өзекті мәселелері нақтыланды. Осы зерттеулердің қорытындысы негізінде Қарағанды облысында жасөспірімдер арасында вейп пен электронды шылымның зиянын түсіндіруге бағытталған «Өмірің өз қолыңда» жобасы дүниеге келді.

Мемлекеттік органдармен серіктестіктің нығаюы бірлестікке жаңа серпін берді. Батыс Қазақстан облысында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мен еріктілік қозғалысын дамытуды көздеген «Жақсылық жасап жарысайық» әлеуметтік жобасы сәтті іске асырылды. Ал Сыр өңірінде Қызылорда облыстық филиалының басшысы Шәкизат Қаратайұлының белсенділігімен бала тәрбиесіне әкелердің жауапкершілігін арттыруға арналған Әкелер форумдары жүйелі түрде өтіп, қоғамда үлкен қолдау тапты. Бірлестік сарапшылары Оқу-ағарту министрлігінің жаңа «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» енгізуіне де өз үлестерін қосты.

Бес жыл – тарих үшін қас қағым сәт болғанымен, «Сенімен Болашақ» үшін ауқымды істер мен ұлы өзгерістер кезеңі болды. Осы уақыт ішінде еліміздің түкпір-түкпірінде атқарылған жұмыстардың ауқымы таңғалдырады. Мәселен, еліміздің әр өңірінде мыңдаған адамның басын қосқан ауқымды жиындар өтті. Ата-аналар, педагогтер және жастарға арналған форумдар мен семинарлар, кездесулер тек теориялық баяндамалар емес, жан мен жүректі қозғайтын, отбасылық өмірдегі шынайы мәселелердің шешімін табатын тірі диалог алаңына айналды.

Бірлестік жанынан құрылған «Саналы ата-ана академиясы» бірегей жобасы ата-аналарға бала психологиясын түсінуге, онымен достық әрі сенімді қарым-қатынас орнатуға көмектесті. Саналы ата-ана болу – мінсіз болу емес, ол – балаға деген шексіз махаббат, жауапкершілік пен төзімділік.

«Қамқор бейсенбі» және «Академиялық орта» жобаларының да орны ерекше. Осы жобалар аясында ата-аналарға психологиялық және әдістемелік көмек көрсету мақсатында апта сайын жүйелі кездесулер мен кеңес беру жұмыстары ұйымдастырылып келеді.

Бес жылдық белестің қорытындысы ретінде Қызылорда қаласында өткен республикалық дөңгелек үстелде бірлестік Төрағасының міндетін атқарушы Гүлшат Серікбекова атқарылған істерді саралап, болашақ бағыттарды айқындады. Осы жылдар ішінде Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Жанат Мұхамеджанов қоғам дамуына және ұлттық тәрбиеге қосқан айрықша еңбегі үшін мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Үнсіздіктен үндестікке: «Түзетілген» тағдырлар, «оянған» сезімдер

Кез келген қоғамдық ұйымның шынайы бағасы оның қаптаған цифрларымен емес, адамдардың өміріне тигізген оң әсерімен өлшенеді. «Сенімен Болашақ» бірлестігінің мамандары күнделікті жұмысында жүздеген отбасының ішкі мұңымен бөлісіп, олардың арасындағы үзілген байланысты қайта жалғап келеді.

Қарағанды қаласындағы колледждердің бірінде оқитын Ерасылдың оқиғасы осыған айқын мысал. Жасөспірім шағында қоршаған ортасының әсерімен вейп өнімдеріне қатты әуестеніп, сабақ үлгерімі төмендеген бозбала үйде де агрессия көрсете бастайды. Ата-анасы баланы қатаң бақылау мен ұрыс арқылы тәрбиелемек болғанымен, бұл әрекет арадағы түсініспеушілікті одан сайын ушықтыра түседі. Тығырыққа тірелген отбасы бірлестіктің Қарағанды филиалының мамандарына жүгінеді. Тәжірибелі психологтардың жұмысы мен баланы «Өмірің өз қолыңда» жобасы аясындағы спорттық еріктілер тобына тартудың арқасында Ерасыл зиянды әдеттен арылып қана қоймай, өзін қоғамға пайдалы тұлға ретінде сезіне бастады. Ең бастысы, оның әкесі түрлі жиындарға қатыса отырып, баламен достық әрі сенімді қарым-қатынас орнатудың маңызын түсінді.

Тағы бір жүрек тебірентерлік оқиға Қызылорда облысында орын алған. Көпбалалы әке Марат бала тәрбиесін тек әйел адамның міндеті деп санап, балаларының ішкі дүниесіне үңілмей келген еді. Алайда, үлкен ұлы өтпелі кезеңде оқшауланып, мінезі суып кеткенде, ол өз қателігін түсінеді. Шәкизат Қаратайұлының шақыруымен «Әкелер мектебіне» қатысқан Марат бала психологиясының нәзік тұстарын үйреніп, ұлымен ашық сөйлесуді меңгерді. Қазір әкесі мен ұлы бос уақытын бірге өткізіп, бір-бірінің ең жақын сырласына айналған. Мараттың: «Сенімен Болашақ маған тек әке болуды емес, баламның ең сенімді досы болуды үйретті», – деген сөздері қаншама отбасының көкейінде жүрген арманның орындалғанын көрсетеді.

Айта берсек, мұндай мысалдар жетіп артылады. Бірлестіктің психологтар блогы мен кеңес беру орталықтарына күн сайын жүздеген тағдыр келеді. Жиі қойылатын сұрақтар: «Балам мені тыңдамайды, не істеймін?», «Балам неге ашушаң болып кетті?», «Баламның оқуға ынтасы жоқ».

Бірлестік мамандары бұл мәселелердің артында баланың жалқаулығы емес, оның ішкі қорқынышы, жан айқайы мен назар аударуды қалауы тұрғанын ата-аналарға нәзік түсіндіре білді. Мысалы, ата-анасымен арадағы түсініспеушіліктен өзіне қол жұмсау шегіне жеткен жасөспірімдердің «Сенімен Болашақ» психологтарының араласуымен отбасына қайта оралып, ата-анасымен достық көпірін қайта орнатқан жүздеген шынайы оқиғалары бар. Бұл – бірлестіктің құрғақ статистикасы емес, құтқарылған тағдырлары мен бақытты отбасылары.

Саналы ата-ананың өмірлік бағдары

Бірлестіктің бес жылдық тәжірибесі негізінде тұжырымдалып, бүгінде көптеген шаңырақтың темірқазығына айналған бұл қағидалар ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты реттеуде зор рөл атқарып келеді.

«Саналы ата-ана болудың негізгі өмірлік бағдары – ең алдымен баланы жеке тұлға ретінде қабылдап, оны ешқашан өзгелермен салыстырмай, өзіндік ерекшеліктерін бағалай білуден басталады. Бала бойында кенеттен пайда болатын агрессия мен мінездің сууына ұрыспен немесе жазамен жауап бермей, оның астында қандай ішкі ауырсыну, үрей немесе қорқыныш тұрғанын байыппен түсінуге тырысу – нағыз ата-аналық даналықтың көрінісі. Сондай-ақ, баланың біз айтқан құрғақ ақылды емес, күнделікті өмірдегі іс-әрекетіміз бен шынайы болмысымызды айна-қатесіз қайталайтынын естен шығармаған абзал. Сондықтан күнделікті күйбең тіршіліктен қол босатып, күніне кемінде 15-20 минут уақытты ешқандай гаджетсіз, тек қана балаға арнап, оның ішкі әлемімен сырласу берік отбасылық байланыстың негізін қалайды», – дейді ұйым мамандары.

Қарап отырсақ, бұлар аса қиындығы жоқ, қарапайым қағидалар. Десек те, осы «ең қарапайым» ережелердің талай отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы сызатты жойып, сенім ұялатқанын атап өткен орынды.

Саналы қоғам – сапалы мемлекет

«Саналы қоғам – сапалы мемлекет. Сапалы мемлекет – төрлі елдің кепілі» деген сөзді қайталап айтудан жалықпаймын», – дейді бірлестіктің негізін қалаушы әрі идеялық жетекшісі Нұркен Асанов. Иә, айтса айтқандай, бұл жай ғана ұран емес, әрбір қазақстандықтың жүрегіне ұялап, санасын оятатын терең философия.

Мемлекеттің мықтылығы – оның әрбір азаматының саналылығында. Ал ол саналылықтың негізі алтын ұя – отбасында қаланады. «Сенімен Болашақ» бірлестігі дәл осы ақиқатты ту етіп, қоғамдағы ата-ана мен бала қарым-қатынасының жаңа парадигмасын жасады. Олар баланы жазалаумен немесе шектеумен емес, оны түсінумен, тыңдаумен және қолдаумен ғана бақытты тұлға қалыптастыруға болатынын дәлелдеді.

Қоғамдық бірлестік өз қызметінде мемлекеттік органдармен де тығыз байланыс орнатты. Олардың қатарында ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, сондай-ақ Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия бар. Мұндай жоғары деңгейдегі серіктестік ұйымның бағдарламалары мен ұсыныстарының мемлекеттік деңгейде маңызға ие екенін көрсетеді.

Ұйым ұсынған «Саналы ата-ананың 14 ережесі» сияқты әдістемелік құралдар мен кітапшалар бүгінде әрбір қазақстандық шаңырақтың үстел үсті кітабына айналып үлгерді. Ол ережелер – баламен тіл табысудың, үйде жылылық пен қолдау атмосферасын орнатудың таптырмас кілті.

Біз жиі «болашақ – жастардың қолында» деп жатамыз. Ал «Сенімен Болашақ» бірлестігі сол болашақтың негізі бүгінгі ата-ананың жүрегінде екенін ұғындырды.

Бес жылдық белес – бұл тек атқарылған істердің есебі ғана емес, бұл – еліміздегі мыңдаған баланың бақытты күлкісі, жүздеген шаңырақтың шайқалмай сақталып қалуы және саналы ұрпақ тәрбиелеуге деген ұлттық серпіліс.

«Сенімен Болашақ» – әрбір ата-ананың жүрегіне ұялаған сенім, баланың жарқын ертеңіне деген үміт. Олай болса, сіз де бірлестік қатарына қосылып, саналы ата-ана болудан қорықпаңыз, өйткені балаңыздың болашағы дәл бүгін, сіздің махаббатыңыз бен қолдауыңыздан басталады!

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

Ақпарат саласының үздігі